Tesla компаниясы смартфон шығарады

306

0

Илон Масктың әйгілі «Tesla» компаниясын әлемдік БАҚ өкілдері бақылауда ұстайды. Себебі, бұл ұжымның жұмыстары жайлы жазар жаңалық көп. Жақында әлеуметтік желіде Tesla-ның жеке смартфоны жарыққа шығатыны жайлы ақпарат тарады. Қытайлық инсайдерлер желіге Tesla компаниясының белгісімен жарыққа шыққан жаңа смартфонның суретін жариялады. Сонымен қатар, GizChina интернет басылымы бұл смартфонды Илон Масктың қызметкерлері жасап жатқанын хабарлады. 
Алайда, аталған құрылғының шамамен қай уақытта нарыққа шығатыны белгісіз. Ақпарат таратушы басылымдардың сөзіне сенер болсақ, бұл құрылғы Quadra деп аталады. Жарияланған суретке қарасақ, смартфон «моноқабақты» жақтаусыз дисплейге ие. Артқы бөлігінде компанияның логотибі, екі бірдей артқы камераға арналған орын және динамикке арналған тор орналасқан.
Халықаралық сарапшылар Илон Масктың басшылығындағы компанияның смартфон шығаруға кіріскеніне жылы қабақ таныта қойған жоқ. Өйткені, Tesla қазіргі кезеңде Model 3 электркөлігін құрастыру кезінде көп қиындықтарға тап болған. Алайда, жан-жақтылықты ұнататын компания телефон нарығын тағы бір смартфонмен толтырса еш ұтылмайтынына сенімді. 2017 жылдың қараша айында желіде «Tesla смартфон шығармақ» деген дәл осындай ақпарат тараған еді. Бірақ, ол кездегі құрылғы мүлде басқа дизайнда болды. Танымал сарапшылар, «Егер бұл смартфон шығатын болса, Apple өнімдерін нарықтан ығыстыруы мүмкін» деп жоғары баға берген. Алайда, белгісіз себептермен бұл смартфон жарық көрмеді. Есесіне, компания өткен жылы телефон қуаттауға арналған пауербенк жасап шығарды. Оның орташа бағасы – $45. Компанияның кеңес төрағасы және атқарушы директоры Илон Маск тамызда жүргізушісіз басқарылатын Tesla автокөлігінің Autopilot жүйесіне өзгертулер енгізетінін және сол сияқты тағы да басқа жоспарларымен бөліскен еді.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<