ТҮЛЕЙ ТҮСКЕН ТІРЕКТІ АУЫЛ

935

0

ТҮЛЕЙ ТҮСКЕН ТІРЕКТІ АУЫЛ Аудан орталығы Әйтеке би кентінен бастап сүт пісірім уақыт жол жүрсеңіз, тіректі ауыл саналатын Жанқожа батыр елді мекеніне жетесіз. Баба ауылының көрікті ажары сүйсінуге тұрады. Сенбесеңіз, маған еріңіз, ауылды таныстырып шығайын.
Биік төбенің баурайында айнадай жарқырап жатқан бұл көл Ащыкөл деп аталады. Атауы айтып тұрғандай суының кермек дәмі бар. Бірақ, ауыл тұрғындары үшін Ащыкөлдің орны ерекше.
Ілгері аяңдайық. Бұл – Жанқожа бабамыздың бейнесі салынған зәулім стелла. Батыр бабамыздың ауылына келгеніңізді білдіреді. Бабамыздың аруағына дұға жасап, бет сипап түп-түзу асфальт көшемен алға басайық. Мына тұрған қосқабатты, әдемі де еңселі ғимаратта «Жауқазын» балабақшасының ұжымы орналасқан. Мұндай келбетті ғимарат ауыл тұрмақ, аудан орталығына да көрік беретіні сөзсіз.
Ауылдағы жапырағы жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, әсем де хош иісті гүлдерден көз сүрінеді. Оқтай түзу асфальт көшелер, самаладай жарқыраған жарық шамдары түнгі келбетімен жан жадыратады. Кәсіпкерлік саласы да жақсы дамыған. Жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Елді мекенде мал шаруашылығы, басқа да бағыттағы шаруа қожалықтары тіршілігін дөңгелентіп отыр.
Қалың тоғай арасындағы орманшының үйіндей жасыл желек жайқалған бұл аула Жаңабай Жақсылықовтың үйі. Ұзақ жылдар ауылда прораб болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан ағамыздың ауласында төрт мыңға тарта саялы тал, самалмен тербелген гүлдің неше түрі, жеміс ағаштары өсіп тұр. Кімді де болса ұялмай әкелуге болады. ТҮЛЕЙ ТҮСКЕН ТІРЕКТІ АУЫЛ 
Ал Жанқожа баба мен Ақтан батырдың бейнесі ілінген жердегі су жүретін арықтың бойында гүлі жайқалған өрік ағаштары, ардагерлер аллеясы алыстан жанарыңа шалынады. Айта кетерлігі, шалғайдағы ауылда ірілі-ұсақты бірнеше бақ бар. Мына нысан жаңадан салынып жатқан зәулім құрылыс спорт кешені. Жуырда пайдалануға берілмекші. Ал спорт кешенімен іргелес саябақ орналасқан. Желкілдеген жас шыбықтар енді көтеріліп келеді. Айтпақшы, жақында саябаққа гүлдер отырғызылатын болады. Фонтан іске қосылып, түнгі жарық шамдар жанғанда өзіңізді шалғай ауылда емес,  шаһарда жүргендей сезінесіз.  
Алик Тілеумбетов басшылық жасайтын №94 мектептің жеткен жетістігі бір төбе. Аудан, облыс көлемінде өткізілетін білім, өнер, спорт сайысында жүлдесіз қалған кездері некен-саяқ. Өткен оқу жылының қорытындысымен мектеп түлектері жоғары нәтиже көрсетті.
Сапарбек Қуатов басқаратын әкімдік ғимаратының іші-сырты мұнтаздай. Бұл жерде де желмен тербелген талдар, жарқыраған брусчатка төселген аула іші шаруақор, тазалықты қастерлейтін иелікте екенін білдіртеді. Әкімнің айтуынша, аяқсу кестеге сай беріледі. Ауыл ішінде көптеген колонка бар. Алдағы уақытта ауылдағы үйлер сервистік желіге қосылады деп күтілуде. Бала кезімізде қыста каналдың, арықтың мұзын ойып әкеліп, жазда сонау ауыл шетіндегі тас құдықтан сарсылып кезек күтіп, шелектеп иін ағашпен су тасыған кезең артта қалғандай. ТҮЛЕЙ ТҮСКЕН ТІРЕКТІ АУЫЛ 
Айшығы күн нұрына шағылысқан «Сарқұл қожа» бабаның есімін иеленген мешітте Мұратбек Бәлкеев көпшілікті Алла жолына насихаттауда. Ауласында жасыл желек жайқалған мәдениет үйіне Марат Жақсылықов есімді азамат басшылық жасайды. Мәдениет үйінің жанында аудан елді мекендерінің ішіндегі бірден-бір халық театры атағы бар ұжым жұмыс істейді. Мараттың қоршаған ортаны таза ұстауға, көгалдандыруға деген құштарлығы мақтауға лайықты. Сондай-ақ, ауыл емханасы да талапқа сай, озық үлгіде салынған.  
Көкейде «сонда бұл ауылда ешқандай түйткіл жоқ па?!» деген сауал қалуы әбден мүмкін. Неге болмасын?! Бір танысым «проблема тек тым-тырыс, қалың ұйқыда жатқан жерде ғана болмайды» деген еді. Ауылдың да өзіне тән түйткілі бар. Бірақ ол түйіндер де кезең-кезеңімен шешілеріне сенім кәміл.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы,
Жанқожа батыр ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<