ТІЛШІЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

286

0

«Сыр медиа» ЖШС-на қарасты газет редакторлары мен тілшілері «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында болды. Ұжымның шығармашылық-өндірістік әлеуетімен танысып, әріптестерімен өзара тәжірибе алмасты.

Жиында қазақ басылымдарының ақпарат таратудағы көкейкесті мәселелері талқыланды. Басылым өкілдерін бастап барған серіктестіктің бас директоры Аманжол Оңғарбаев:

– Еліміздегі алдыңғы көшті бас­тап келе жатқан газет ұжымынан қай басылымның да үйренері көп. Бүгінгі семинарда біраз  сұрақтардың жауабын тапқандаймыз. Бас басылымның жұмыс істеу саясатындағы өзгеріске өте риза болдық. Әсіресе, интернет жүйесіндегі жаңаша қадамы ұнады, – деді.

Газет сайты бүгінде оқырманға жақын болу мақсатында мақалалармен бірге видеожобалар жариялай бас­тады. Осы орайда Youtube-тан арнайы «Egemen TV» арнасы ашылды. Онда «Өрнек», «Стадион», «Сарапшы пікірі» секілді түрлі жобалар жарық көріп келеді. «Сыр медиа» журналистерін дәл осындай мультимедиалық бағытта ақпарат тарату ісі қызықтырды. «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қамбар Ахмет алдағы уақытта өзге өңір журналистері де тәжірибе алмасуға келетінін айтты.

– Сыр өңірінен келген әріп­тес­теріміздің ынтасы зор екенін көр­дік. Тәуір ұсыныстар айтты. «Егемен Қазақстанда» материалдар жариялап, бірлесе жұмыс атқаруға ниет білдірді, – деді ол.

Облыс əкімінің кеңесшісі Динара Бисембинаның бастамасымен ұйымдастырылған семинар «Казахстанская правда», «Қазмедиа»,  «Спутник Қазақстан» ақпарат агенттігі, ­Назарбаев университеті және Президент орталығы ұжымдарында жалғасты.

«СБ» ақпарат. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<