
Ауыл орталығындағы жаңадан іске қосылған демалыс саябағында Қ.Бердімағанбетовтің ескерткіш мүсіні ашылып, орталық көшеге еңбек майталманының есімі берілуі еңбек адамының қай қоғамда да құрметті екендігін танытты. Шара театрландырылған қойылымнан басталды. Марқұммен кезінде бірге қызмет жасап, көзін көрген ақсақалдар өздерінің естеліктерімен бөлісті. Осындағы №248 орта мектебіндегі тау тұрпатты тұлғаға байланысты мұражай экспонаттарымен танысып, танымдық конференцияға қатысқан қауым көптеген қызықты деректерге қанықты. Конференцияны Арал ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов жүргізіп, ардагер-ұстаз Үргенішбай Қуатов Қ. Бердімағанбетовтің өмірі мен еңбек жолындағы бағындырған жетістіктеріне тоқталды. Шараға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев пен көршілес Қазалыдан аудан әкімінің орынбасары Сәбит Бабанаев бастаған арнайы делегация, еліміздің әр өңірінен меймандар келді. Марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Ұлттық ат спорты түрлерінен құнан, топ және аламан бәйгелері өткізілді. Құнан бәйгеде Шиелінің Бала би ауылының «Нар қызыл» атты жүйрігі бас бәйгені жеңіп алса, тоқ бәйгеде Жақсықылыш кентінің «Баққұс» есімді торы аты топ жарды. Ал аламан бәйгенің бас жүлдесін Тоқабай ауылының «Бас Батыр» деген торы қасқасы иеленді. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген автокөліктің кілтін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев табыс етті.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал ауданы.
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<