Тоспадоп тарландары

486

0

Тұлғасында бір тектілік бар жігіт ағасы редакциямызға келді. Жас кезінде сүйекті, сұңғақ бойлы болғаны анық. Спортшыларға тән мығым денесі әлі де күш-қуаты сарқылмағанын байқатады. Бұл – 60-80-жылдарда Сыр елінің айбынын асырған спорт саңлағының бірі, әйгілі волейболшы Жаңабек Алтынбеков. Қазақ волейболының негізін қалаушы, атақты спортшы, айтулы бапкер Октябрь Жарылғаповтың шәкірті, Сыр елінен шыққан атақты волейболшы Тұрғанбек Алтынбековтың інісі.

Ептілік – ер еңсесін еңкейтпейтін ерекше қасиет қой. Жас­тайынан спортты серік еткен епті, бойшаң жігіт, ағасының ықпалымен волейболға келеді. Шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін доп додасына кіргеннен атойлаған Жаңабектің спорттық ғұмыры күні бүгінге дейін дәл осы кәсіппен астасып жатыр.

Қызылорда құрама сапына енген жас волейболшы КСРО-ның айтулы спорт додаларында топ жарып жүрді. Қазақтың қараторы жігіті сол құраманың басты дәнекері (связующий) еді. Дәнекер – команданың тіні, өзегі, алаңдағы өзге бес ойыншының арасын жалғайтын үйлестіруші ақылманы. Осылайша кеңестер одағына қарасты қай республикаға барып ойнамасын, Қызылорда облысының құрамасы жүлдесіз қайтпады.

– Волейбол ең қарапайым, әдемі өрнекті ойын ғой. Көп шығынды да қажет етпейді. Сондықтан, оның бұқаралығын арттыруға мүмкіншілік мол. Бастысы, ынталы жандарға қолдау керек, – дейді спорт ардагері.

Бүгінде Жаңабек аға өзі ойнаған құраманың жат­тықтырушысы, қырық жылдан бері волейболдан облыстың бас төрешісі. Ол спорттық мансабынан бөлек 45 жылдан бері қала мектептерінде денешынықтыру сабағын жүргізіп келеді. Оқушыларды жастайынан спорттың қыр-сырына бейімдеп, икемділерін волейбол секциясында баулиды. Шәкірттері де олжа салып жүрген оғландар. Жуырда Байқоңыр қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI облыстық халықтық спорт ойындарында бас жүлдені алып келді. Ендігі мақсат Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарында өздерін тағы бір дәлелдеу. «Оған шәкірттерім сақадай сай тұр», – дейді жаттықтырушы.

Олай болса, мерейлері үстем болып жүрген тоспадоп тарландарына әркез жеңіс тілейміз.

Нұрәли Нұрбек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<