Туған топырағын түлеткендер

407

0

Туған топырағын түлеткендер «Туған жерге – туыңды тік». Біршама уақыт бұрын Жанқожа батыр атындағы ауылдағы тағлымды тірлікті көргенде осынау даналық сөз ойға оралған еді. Бұл күні аталмыш елді мекендегі №94 мектепті 1978 жылы бітірген түлектер бас қосып, ауылдастарына керемет тарту жасағанын айта кету ләзім. Ауыл орталығынан белгіленген орынға тал егіп, «Түлектер аллеясы» деген атау берген игілікті шараға Жетпісбай Қарасаев есімді азамат мұрындық болыпты. Ауылға Жетен есімімімен танымал осынау сүңғақ бойлы жігіт ағасы ауыл көлеміндегі жасыл желектің шынайы жанашыры десек жалған емес. Үй іргелік жеріне түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, күтіп – баптаудан жалықпайтын Жәкеңнің еңбегін өзгелерге үлгі қылуға әбден лайықты.

Ауылдағы алғашқы шараларын дүниеден озған достары мен ұстаздарының аруақтарына құран бағыштатудан бастаған мектептің мұнан 40 жыл бұрынғы түлектерІ «Сарқұл қожа» мешітіне қаржылай демеушілік жасады. Келесі кезекте ауыл жастары зор қуанышқа кенелді. Мәдениет үйіне озық үлгідегі музыкалық аспаптар (элекро гитаралар) сыйға тартқан аға-апаларына өнер сүйер жастар шынайы ризашылығын білдірді. Айта кетерлігі, мұндай музыкалық аспаптар мәдениет ошағына соңғы рет сонау 80-жылдары берілген еді. Араға көптеген жылдар салып қолға тиген осынау аспаптар тұрғындарды шаттыққа бөледі. Мұнан соң «Жауқазын» балабақшасының бүлдіршіндеріне де сыйлықтар тапсырды. Өздері білім алған № 94 мектепке әскери кедергілер алаңын жасақтауға қаржылай демеушілік жасаған бұрынғы түлектер осы шараның ашылу рәсіміне қатысты. Рәсім барысында Арықбалық ауылдық округінің әкімі Сапарбек Қуатов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұл, кештің құрметті қонағы Алматы облысы, Балқаш аудандық мәслихат депутаты, Бақанас обаға қарсы күрес бөлімінің басшысы Айдар Әліпбаев, ардагер ұстаз Жолмырза Құлмағанбетов өздерінің ақ ниеттерін білдірді.

Арада 40 жыл өтті. Қазір олардың әрқайсысы бір – бір отбасының иесі. Айта кетерлігі, осынау түлектердің арасынан Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі, Алматы облысы, Балхаш аудандық СӘС-і бас дәрігері, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, облыстық «үлгілі отбасы» байқауының жүлдегері Ғалия Жұмабаева-Әліпбаева, Қазақстан-Қызылорда облыстық телеарнасының бас бухгалтері, кәсіби бухгалтер аталымының иегері Арынғазы Қайырбаев, байырғы да білікті теміржолшы Әлима Беласарова, танымал кәсіпкер Анарбай Жалғасов, ұлағатты отбасы иелері Жетес Жақасов,Айжан Сәндібекова,үздік әлеуметтік қызметкер Күлімхан Бимырзаева, Төлебике Жұмағалиева өзге де көптеген елге белгілі тұлғалар шықты. Қайда жүрседе, қандай қызметте болмасын олардың зердесінен ауылға, туған жерге деген құрмет, сағыныш сезімі ешқашан бәсең тартқан емес.

Мақаланы жазу барысында Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаевпен тілдескен болатынбыз. Ғани Қайыркелдіұлының айтуынша, аудан көлемінде жағымды жаңалықтар баршылық екен.

Бүгінгі таңда Қазалы ауданы бойынша діни ахуал тұрақты.  Ауданда 23 мешіт жұмыс жасайды.Оған қоса еліміздің діни оқу орындарында білім алып жатқан тұрғындар да бар. Өткен жылы республикалық деңгейдегі  теолог  ауданымызға шақырылып, кездесулер ұйымдастырылыпты. Аудан тұрғындарының діни сауатын арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда басты назарға алынған. Бұл бағытта жұмыс тобы көптеген кездесулер өткізіліп, жергілікті басылым беттерінде мақалалар жарияланып, «Серік ТВ» телеарнасынан діни тақырыпта бейнероликтер көрсетілген.

         -Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын іске асыру  мақсатында өткен жылы аудандық Жобалық кеңсе құрылған болатын.Нақты кезеңде «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларының  базалық бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоспарланған іс-шараларға сәйкес ағымдағы жылы Ғ.Мұратбаевтың туғанына 116 жыл және Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің 50 жылдығын атап өту межеленген. Жыл сайын дәстүрлі түрде КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Р.Бағланова мен «Қазақтың ақ Баяны» атанған Мәдина Ерәлиева атындағы «Ақбаян», «Жанкент – Қорқыт – Қобыз» атты облыстық қобызшылар байқауы ұйымдастырылады. Сонымен бірге, Қазалы ауданының 90, Өркендеу ауылының ірге тасының қаланғандығына 50 жыл толуына байланысты атаулы мерекелік шаралар өткізілетін болады. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау іс-шараларынан бөлек олардың стандартқа сәйкес қолданылуы, орнатылуы аудандық ішкі саясат бөлімі  тарапынан күнделікті бақылауда. Аудан әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында барлық мемлекеттік мекеме басшыларына мемлекеттік рәміздердің ережеге сай пайдаланылуы мен стандартқа сәйкес қолданылуы бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Қазалы ауданы бойынша 50-ге жуық қоғамдық ұйымдар мен қорлар тіркелген. Олардың жұмысын жандандыру бағытында үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасап келеді. Кеңестің жұмысшы органы «Қазалы ауданының ішкі саясат бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып табылады. – дейді  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев.

Тағы білгеніміз, «Мектепке тағзым» акциясы қарқынды жүргізіліпті. Акция барысында Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепті әр жылдары бітірген түлектер ауылдық мәдениет үйінің ауласына құны 1 млн. тг тұратын субұрқақ, қомақты қаржыға светоаспектімен жасалған «I love Qojabaqy»  бейнесін, «Алтыбақан», «Аударыспақ», «Бағана (өрмелеу)» т.б жабдықтарды жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында ауыл орталығына құрып, «Айгүл» бөбекжай-балабақшасына балаларға арналған жиһаздар, ойыншықтарды тарту еткен. Кәукей ауылының түлектері болса елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, «Ұлы рухты  туған жер» атты аудандық айтысқа 400 мың теңгеге демеушілік көрсетіпті. Осылайша Кәукей күнінің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығы мерейтойына тарту,  қазағымның қасиетті домбырасы құрметіне «Шағала» жазғы тынығу лагерінде өткен «Қазағымның жырысың сен – домбыра» атты мерекелік шарада  дәулескер күйшілер күмбірлетіп күй тартып, жыраулардың көмейінен жыр төгіліпті.

Ауданда жұмыс істейтін ірі компаниялардан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында туған жерін абаттандырып, гүлдендіруге көп күш салып, өзге де қайырымдылық істерге қаржылық демеу көрсетіп жүрген жекелеген азаматтар да аз емес. Акцияға белсене атсалысқан жандар халықтың алғысына бөленді. Жуырда Қазалы ауданы әкімдігінде қоғам жұмысына белсене ат салысып, қайырымдылық қызметтерді ауқымды түрде атқарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ұйымдар мен азаматтарды құттықтау рәсімі «Жомарт жүрек» салтанатты шарасы өткізілді. Онда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов жобалық кеңсе құрамындағы сарапшылар кеңесінің шешімімен  еселі еңбек еткені үшін  «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинациялары бойынша бірнеше азаматтарға және ұйымға Диплом мен ескерткіш сыйлық табыстаған болатын. Еңбектің ескерусіз қалмағаны, қандай ғанибет!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<