Түбіртекті талап ет!

461

0

Елімізде «Қоғамдық бақылау-түбіртекті талап ет» акциясы басталды. Оған қызығушылық танытқан кез келген тұрғын мобильді телефонына жүктейтін 1 мың теңге теңгерім сыйақы алуына болады.  Акцияның басты мақсаты – бақылау-кассалық машинаcының фискалдық чегін бермеу фактілерін  анықтау.

Ол үшін тауарларды сатып алу кезінде фискалдық чек берілмеген жағдайда «Apple App store» және «Play market» тегін жүктеп алуға болатын «Wipon» мобилді қосымшасы арқылы шағым жіберуге болады. Чек бермеу фактісі расталған жағдайда, телефон теңгеріміне 1000 (бір мың) теңге сыйақы беріледі. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 802-бабының 1 бөлігінің 3) тармағына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау үшін «Wipon» мобилді қосымшасы арқылы жіберілген хабарлама негіз болып табылады.

Айта кету керек, фискалдық чектің басылмауы туралы сапалы бейне жазбада дүкен (шаштараз, кафе және т.б.) атауы және мекен-жайы, базардың атауы, базардағы орынның (бутиктің) нөмері, сауда үйінің (орталығының) атауы, сауда үйіндегі (орталығындағы) дүңгіршектің (бутиктің) атауының болуы – мұның барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болатын жайттар.

Өткен жылы өткізілген акция барысында Қазақстан тұрғындары жіберген хабарламалар бойынша заң бұзушылық 940 факт анықталып, сыйлыққа 940 мың теңге берілгенін еске сала кетеміз.

Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Сыр елі тұрғындарына заң бұзушылыққа төзбеушілік танытып, «Қоғамдық бақылау-түбіртекті талап ет» акциясына белсене қатысуға шақырады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<