Конституция

Түрік инвесторларымен жылыжай шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланды

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Түркияның «TIMFOG Engineering» компаниясының өкілдері Яйлалы Женгиз, Эйүп Севенжан және Көксал Салихпен кездесіп, заманауи жылыжай кешендерін салу, агроөндірісті әртараптандыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысының ұлттық азық-түлік нарығындағы импортқа тәуелділікті азайту тапсырмасына сәйкес, өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

«Қызылорда облысы – әріптестік пен инвестициялар үшін әлеуеті жоғары агроиндустриялық өңір. Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты күріш өсіру болғанымен, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы картоп, көкөніс, бақша дақылдарына және жеміс-жидекке де қолайлы.

Жеміс-жидек өндірісін өнеркәсіптік деңгейде дамыту – біз үшін перспективалы бағыттың бірі. Осы ретте, «TIMFOG Engineering» сияқты тәжірибелі компаниялармен бірлесіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мұрат Ергешбаев.

Қазір өңірде жалпы аумағы 12,1 гектар болатын 21 жылыжай, оның ішінде «КазАгроМир» серіктестігінің толық автоматтандырылған 2 гектарлық жылыжай кешені бар. Дегенмен, оларда өндірілетін өнім тұрғындардың көкөніске деген сұранысының небәрі 1,5 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

Аймақта жылыжай шаруашылығын өркендетуге қатысты инвестициялық жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Фабе-Агро» компаниясы мен «Мелиоратор» серіктестігінің ірі жылыжай кешендерінің құрылысы жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асырудағы өзара ықпалдастықты жалғастыруға ниет танытты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі