Антальядағы қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген қыз 15 маусым күні жол апаты салдарынан қайтыс болған. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
— Қазақстан Республикасының Антальядағы Бас консулдығы құжаттарды дайындау, түрік органдарымен бірлесіп қыздың денесін елге қайтаруды ұйымдастыру тәрізді барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетті, — делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Марқұмның денесі Қазақстанға 17 маусымда жеткізілген. Репатриация жұмыс берушінің және серіктес ұйымдардың қаржылай қолдауымен ұйымдастырылды.
— Бұл мәселе Бас консулдықтың бақылауында. ҚР дипломаттары бұл мәселе бойынша құзыретті органдармен өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр, — делінген СІМ хабарламасында.






