Түркияда маусым айында жұмыссыздық деңгейі алдыңғы аймен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмендеп, 7,6% болды, деп хабарлайды Анадолы.
Түркияның Статистика институты (TÜİK) маусым айына арналған еңбек нарығының көрсеткіштерін жариялады.
Ресми деректерге сәйкес, ел бойынша 15 жастан асқан жұмыссыздар саны бір ай ішінде 168 мың адамға азайып, 2 млн 688 мың адам болды.
Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайыздық тармаққа төмендеп, 7,6%-ға жетті. Бұл – Түркияда жұмыссыздық көрсеткіші ай сайын есептеле бастаған 2005 жылғы қаңтардан бергі ең төменгі деңгей.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 1 пайыздық тармаққа азайды.
Ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,5%, әйелдер арасында 9,8% болды.
Маусым айында 15–24 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі де төмендеп, алдыңғы аймен салыстырғанда 1,8 пайыздық тармаққа азайып, 12,8% болды. Бұл көрсеткіш ерлер арасында 10,4%, әйелдер арасында 17,3% болды.






