Түтін емес, күтім қажет: вейп саудасына тыйым салудың мәні

337

0

Фото: Kazinform

Жақында Мәжіліс Қазақстанға вейптерді әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салатын заң қабылдады. Ал тәртіп бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Бұл жаңалық басқа-басқа вейпті «тұрмыстық затқа» айналдырып алған жасөсірімдерге түрпідей тигені рас. Kazinform тілшісі электронды темекі жайлы шағын зерттеу жүргізіп көрді.

Бу һәм у

«Қораптағы темекі сияқты емес қой» деп электронды шылымның зиянын жоққа шыға­ратындар аз емес. Бірақ бұл пікірдің жаңсақ екенін арнайы зерттеулер дәлелдеп берді. Мәжіліс депутаттарының алдыңғы жылдардан бері дабыл қағуы да осы себептен болатын.

Зерттеушілердің айтуынша, электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдің құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Вейптің қаптамасындағы «никотин жоқ» деген жазуға бейқам қарауға болмас. АҚШ-та жүргізілген зерттеу сол елде сатылатын вейптердің 99 пайызында никотин бар екенін дәлелдеп берді.

Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде бу шығаруға арналған қыздыратын құрылғы ерін мен ауыз қуысының шырышты қабығын, сондай-ақ тыныс алу жолдарын күйдіреді. Темекі сұйықтықтығының құрамына кіретін диацетил тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдайды, оның салдары ты­ныс алуды тарылтатын бронхит болуы мүмкін. Қысқасы, никотин қатты тәуелді етіп, жасөспірімдердің миының дамуына зиян келтіреді. Мидың назар аударуға, оқуға, көңіл күйге жауап беретін бөлігі зақымдалады. Ғылымның сөзі бұл.

Заңдағы өзгерістер

«Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда вейптерді заңсыз айналымға жібергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:

  • вейп сатқаны үшін ең ауыр жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкелу және тарату үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде не бiрнеше рет жасалған дәл сол әрекеттер үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезінде міндетті түрде клиникалық хаттаманы қолдану алып тасталды.

Сау ұрпақ һәм сауалнама

Бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны белгілі. Тіпті қыздар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Сәйкесінше, жастар оны девайс, гаджет деп таниды.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы сауалнамаларға көз жүгіртсек, электронды темекі ең көп қолданылатын жаңа темекі өнімдерінің бірі көрінеді. 11-15 жастағы балаларға жүргізілген «Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты мінез-құлық» зерттеуі көрсеткендей, электронды темекіні тұтынушы оқушылар саны (соңғы 30 күнде тұтынған) олар есейген сайын артып келе жатқанын айқындап берді. Әсіресе ұлдардың үлесі басым. Сонымен, соңғы 30 күнде кем дегенде 1-2 күн ішінде электронды темекі тұтынудың таралуы ұлдар арасында 11 жастан бастап 15 жасқа дейін 3,5 есеге, ал қыздар арасында 11 жастан 15 жасқа дейін екі есеге артады екен. 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы вейптерді қолданып көрген.

Сауалнама нәтижесінде электронды темекіні қолданудың негізгі себептері анықталды. Сауалнамаға қатысушылардың 75,6% пайызы хош иістерді ұнатса, 72,7 пайызы темекімен салыстырғанда зиянды емес деп есептейтін көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Бейресми мәлімет бойынша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Жер шарында өмір сүріп жатқан адамдардың 90 пайызы күйзелістен құтылу үшін темекіге жүгінеді екен.

Елімізде жаңа заң аясында жасөспірімдердің денсаулығы мәселесіне баса мән беріліп, электронды темекі бағытындағы келеңсіздіктер реттеледі деген сенім мол. Ал сіз электронды темекі тартасыз ба?..

Оралхан ҚОЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<