Тұрақтандыру қорында 3 650,7 тонна өнім бар

279

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауаларының бағасын тұрақтандыру бағытында түрлі шаралар қолға алынуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер, оның ішінде пияз – 30 теңгеден тұрғындарға сатылуда.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері әлеуметтік маңыздағы 6 өнімнің бағасы біршама төмендеген. Атап айтқанда, қарақұмық – 26 пайызға, күнбағыс майы – 15,7 пайызға, пияз – 9,5 пайызға, ұн – 7,7 пайызға, тұз – 1,9 пайызға, макарон өнімдері –0,7 пайызға төмендеді.

Жалпы бүгінде тұрақтандыру қорында 3 650,7 тонна азық-түлік өнімі бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.

–Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсу индексі – 99,2 пайызды құрап отыр. Жалпы, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бірқалыпты ұстау үшін тұрақтандыру қорының тауарлық интервенциялары мен айналым схемасы негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне заем беру арқылы жүргізілуде. Бүгінде тұрақтандыру қорында 43,2 тонна – қарақұмық, 22,3 тонна – қырыққабат, 62,6 – тонна картоп өнімі, 137,4 – тонна сәбіз, 150 – тонна пияз, 1,2 – тонна макарон, 99,4 – тонна күнбағыс майы, 2113,6 – тонна ұн бар. Сондай-ақ, былтырғы жылдың күзгі өнімінен форвардтық негізде 4 982 тонна көкөніс өнімін сатып алу жөнінде келісім жасалды. Қазіргі таңда бұл өнімдердің 1450,4 тоннасы жеткізілді. Бұдан бөлек, Түркістан облысының дихандарымен сәуір, мамыр, маусым айларында қырыққабат өнімін 10-20 пайыз төмен бағамен сатып алу жөнінде келісім жасалды. Сонымен қатар, нан бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында тұрақтандыру қорына 7 339 тонна ұн сатып алынды. Қазіргі таңда облысқа жеткізілген ұн өнімдері наубайханаларға таратылуда. Бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесінде, өңірде әлеуметтік бөлке нанның орташа бағасы – 99 теңгені құрап отыр.

Азық-түлік тауарларының бағасын нарықтан төменгі бағада сату үшін қала және аудандарда жәрмеңкелер өткізілуде. Мәселен, жыл басынан бері 104 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер төменгі бағада сатылды.

–Тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті. Қазіргі таңда жеткізілген тауарларды 35 әлеуметтік және 8 ірі сауда дүкендерге таратудамыз. Қазіргі таңда пияз – 30 теңгеден, ал жұмыртқа – 50 теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету бағытында жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде барлық аудандарға жуа, картоп, сәбіз өнімдерін тиімді бағада жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, -деді «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның тұрақтандыру қоры басқармасының басшысы Мейрамбек Серікбай.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<