Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады. Бүгінгі қабылдауға 13 адам тіркелсе, оның екеуі онлайн қосылды.
Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылым, жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
Қызылорда қаласының тұрғыны гемодиализ қабылдайтын науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру жайына тоқталды.
Өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 358 адам амбулаториялық гемодиализ орталықтарында ем қабылдайды. Бүйрек трансплантациясына мұқтаж азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, көтерілген бастамаларға қолдау көрсетіледі.
«Саяхат» шағын ауданының тұрғыны үйге жапсарлас орналасқан электр тарату жәшігін басқа орынға ауыстыруды сұрады. Өтініш қолдау тауып, тоқ жәшігі көшірілетін болды.
Маусым айында баспанасы мен ауласындағы құрылыс дүкені өртенген Қызылжарма ауылының тұрғыны да қабылдауға келді. Оған қолданыстағы тәртіпке сәйкес әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар алдағы уақытта тұрғын үй салуға қолдау көрсетіледі.
Қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жан-жақты қаралып, тұрғындардың өтініштері бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






