Құрылтай

Тұтынушы құқығы: 10 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылды

3

0

Биыл 6 айда өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі 101,3 пайыз болды. Бұл республикалық көрсеткіштен (101,9 пайыз) 0,6 пайызға төмен.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және сауда заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету ҚР Сауда және инте­грация министрлігі Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басты назарында. Департамент қызмет­керлері есепті кезеңде 98 кәсіпкерлік субъектісін тексерген болатын.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін заңнамада белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталмау фактілері анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, тауар бағасын заңнама талабына сәйкес рәсімдемеген 42 кәсіп­керлік субъектісіне 544 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салын­ды. Сауда инфрақұрылымын дамыту бағы­тында облыс орталығындағы «Сыбаға», «Асбол» және «Талғат» базарларында жаңа сауда үйлерінің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жобалардың іске асы­рылуы тұрақты бақылауымызда, – деді департамент басшысының орын­басары Әділхан Төлегенов.

Жыл басынан бері тұтынушылар құ­қы­ғының бұзылуына қатысты 597 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 37 пайызға артық. Оның басым бөлігі бөлшек және электронды сауда, қоғамдық тамақ­тану және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қызметтері салаларына қатысты.

– Қабылданған іс-шаралар нәти­жесінде тұтынушыларға 10 млн теңгеге жуық қаражаттың қайтарылуына ық­пал жасадық. 48 кәсіпкерлік субъек­тісі тексеріліп, 588 мың теңге көле­мінде әкімшілік айыппұл салынды. Тұты­нушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде семинар, дөңгелек үстел, ашық есік күні, кеңес беру және ақ­параттық акция үлгісінде іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Құқығы бұзылған азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында тегін құқықтық кеңес береміз. Талап қою құжатын дайындауға және сотқа жүгіну мәселелері бойынша жан-жақты көмек көрсетеміз, – деді Әділхан Төлегенов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».