Туған жердің ғажайыптарын танытатын ерекше экспедиция

610

0

Бүгін Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткелік мектебінің оқушылары үшін «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы бастау алды. Алдағы алты күн бойы қатысушылар Сырдария өзенінің бойында орналасқан үш көне мемлекет, яғни Қыпшақ хандығының астанасы – Сығанақ, Оғыздардың мекені – Янгикент және Қохан ханы салғызған Ақмешіт бекінісіне зерттеу жүргізіп, туған жердің қалыптасу кезеңдері туралы білімдерін арттырады. 

Бағдарлама бойынша Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Сырдария аудандарына саяхаттап, сол жердегі тарихи нысандармен және киелі орындармен танысу жоспарланған. Сондай-ақ, жас зерттеушілер құнды деректерден сыр шертетін аймақтарды аралап, болашақ зерттеу жұмыстарына қажетті тың мәліметтерді жинақтайды.

Бүгінгі өткен «Туған елге тағзым» экпедициясының ашылу салтанатында қатысушылар топтарда тарих беттерінен алынған музыкалық қойылымдар әзірлеп, Отан, туған жер туралы әндерді орындап, қатысушыларға патриоттық рух сыйлады. Сонымен бірге Ұлы даланы ұлықтаған сақ патшайымы туралы «Томирис» фильмін тамашалап, ерекше әсерлерімен бөлісті. 

«Ежелден Сыр өлкесі тарихи мекен екенін дәлелдейтін бұл жобада оқушылар туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттырып қана қоймай, ғылымға бет бұрып, зерттеушілік дағдыларын дамытады», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Мананбай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<