Үш айдың көрсеткіштері сараланды

6

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

Премьер-министр Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының барлық негізгі макро­экономикалық көрсеткіштеріндегі өсімді айрықша атап өтті.

Үкімет отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты. Одан кейін өткен мәжілісте көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды.

– Жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, макро­көрсет­кіштердің өсім динамикасының тұ­рақты сақталуы үшін жұмысты жүйелі ұйым­дастыруды тапсырамын.

Бүгінде көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде. Сондықтан қала, ау­дан әкімдері осы науқанда атқарылған жұ­мыс­тар есебінің статистика органдарына то­лығымен ұсынылуын, мәліметтердің дәл­дігін қамтамасыз етуі тиіс, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің бірінші орынбасары ай сайынғы қаржыландырудың жиынтық жоспарын 100 пайыз игеруді тапсырды. Мамырдың 1-не дейін конкурстық рәсімдерді толық аяқтап, келісімшарттарды қазынашылық органдарына мерзімінде тіркеу керектігін атап өтті.

Биыл өңірге 789,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған, өткен үш айда көрсеткіш 142,1 млрд теңге болды. Оның 106,1 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін 100 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылады.

2026-2029 жылдары 2 трлн теңгеге жуық қаржыға 48 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.Агроөнеркәсіп саласында 185,8 мың гектарға егін егу жоспарланған, оның 70 мың гектары – күріш.

Су үнемдеу технологияларына алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, 40 млрд теңгеге крахмал-сірне зауыты, 68 млрд теңгеге техникалық дақылдар өсіру және 134,5 млрд теңгеге жылыжай кешені жобалары жүзеге асырылуда.

Өңір 100% ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін газдандыру 85%-ға, жақсы жолдар үлесі 95,2%-ға жеткізіледі.

Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 55,6 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзінен 950 мың шаршы метр тұрғын үй табысталады.