Үшінші Президенттік кітапхана

6

0

Ұлттық кітап күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкер-меценат Эдуард Огай, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.

Облыс әкімі жиналған жұртшылықты 23 сәуір – Ұлттық кітап күні, кітапханашылардың кә­сіби мерекесі және жаңа кітапхана құры­лысының басталуымен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет бас­шысы былтыр аймаққа келген са­парында Астана мен Алматы қала­ла­рындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітап­хананың Қызылорда қаласында ашы­латынын жеткізген болатын. Жерлес­теріміз бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдады.

Енді өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобаның бірі – білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналатын Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімінде бас қосып отырмыз. Маңызды жобаны жүзеге асыруға демеушілік көрсеткен елімізге белгілі кәсіпкер-меценат Огай Эдуард Викторовичке барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды зор ризашылығымды білдіремін.

Демеушілікпен 20 млрд теңгеге салынатын, аумағы 13 мың шаршы метр, сәулетті, жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай болады. Ғимаратта оқу, конференц, басылым, архив пен сирек қорға арналған залдар, электрондық кітапхана, әлем әдебиеті бөлімі мен өнер галереясы, көрме, коворкинг орталықтары, қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.

Бұл – халықтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Президентіміздің қолдауы. Жаңа нысан тек кітаптар жиналған жер емес, ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ. Жаңа кітапхананың құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет етіп, ұлт руханияты мен білімінің өркендеуіне үлес қосуына тілектеспін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада сөз алған Эдуард Огай маңызды жобаны жүзеге асыру өзіне жүктелген үлкен міндет екенін атап өтті. Алдағы уақытта мұнда жастардың ой-танымын кеңейтуге, білімін жетілдіруге жол ашылады. Сәулетті ғимарат облыс халқының рухани шаңырағына айналады деген сенім зор.

 Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов кітаптың адам өмірінде алатын орнына тоқталды. Кезінде қазақ даласында болған «Отырар кітапханасы» ғылыми жаңалықтарға, тарихи шығар­маларға, жаңа бастамаларға жол ашты. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша іргетасы қаланып жатқан руханият ордасы күні ертең жас ұрпаққа қалтқысыз қызмет көрсететіні анық.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»