Үздік сауыншылар байқауына қатысқандардың 80 пайызы ер адамдар болды

467

0

Астанада Орталық Азиядағы KazAgro және KazFarm ірі салалық көрмелері өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрме аясында «Үздік сауыншы» байқауы өткізіліп, оған ниет танытқан адамдардың барлығы қатысты.

Бәсекелестердің тәжірибесі де, жынысының да маңызы болған жоқ. Ұйымдастырушыларды таң қалдырғаны, байқауға қатысушылардың 80 пайызы ер адамдар болды.

Шарт бойынша қатысушылар 2 минут ішінде ең көп сүтті саууы керек еді. Жүлде – ауылшаруашылық өнімдерінен жиналған бір букет және 25 кг ұн.

Ерлер арасында көрмеге Ақмола облысынан келген Аяз Жеңісов жеңімпаз атанды.

«Мен сүт фермасында бригадир болып жұмыс істедім. Бірақ кәсіпорында машинамен сауатын болғандықтан, өз басым ешқашан сиыр сауып көрген емеспін. Осындай байқаудың өтіп жатқанын көріп, көңіл көтеру үшін қатысуды жөн көрдім. Бір таң қалғаным, 820 мл сүт сауып, жеңіске жеттім», – дейді ол.

Әйелдердің арасында көрмеден хабар таратуға келген «Қазақстан» телеарнасының журналисі Әйгерім Хамит жеңімпаз атанды.

«Бұрын бір-екі рет сиыр саууға тырыстым. Бірақ бай тәжірибем бар немесе шебермін деп айта алмаймын. Нағыз сиырда емес, аппаратта жарысқандықтан біраз қиын болды. Бірақ тұтастай алғанда қызық және көңілді өтті», – деді жеңімпаз.

Еске салайық, 12-14 қазанда Астанада Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмелері өтіп жатыр.

Іс-шараға 20-дан астам елден 300-ден астам түрлі компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Қазақстан, Германия, Түркия, Беларусь, Ресей, Австрия, Испания, Италия, Иран, Израиль, Қытай, Канада, Польша, Швеция және басқа елдердің өкілдері бар.

Көрменің жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрады. Шараның ұйымдастырушысы – ExpoGroup компаниясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<