Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Мемлекет басшысы еліміздің инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – халықты сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, инженерлік желілердің тозуын азайту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов баяндама жасап, аудан аумағындағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы хабардар етті.
Сонымен қатар аппарат мәжілісінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қадырбек Бегманов «Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру барысы туралы» баяндама жасап, шақыру науқанын сапалы ұйымдастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов «Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік мақсатында берілетін жеңілдетілген несиелер туралы» хабарлама жасап, мемлекеттік қолдау тетіктері мен кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктерін түсіндірді.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Дулатов «Сайлау науқанына дайындық барысы туралы» баяндап, сайлауды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Отбасының цифрлық картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі отбасыларды (адамдарды) дағдарыс (D) және мүшкіл (Е) жағдайынан шығару мақсатында жүргізіліп жатқан өзектендіру жұмыстарының барысы туралы баяндама жасап, аталған жүйе арқылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды анықтау және оларды тиісті мемлекеттік қолдау шараларымен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығы аудан үшін маңызды екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар халыққа көрсетілетін мемлекеттік және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау және тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






