Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, аудан тұрғындарын тарихи мерекемен құттықтады.
«Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Қазақ жауынгерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында өздерінің ерекше батырлығымен көзге түсті. Болашақ ұрпағының бақыты үшін, бейбіт өмір үшін күрескен аталарымыздың, әкелеріміздің есімдері ешқашан ұмытылмайды. Біз Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін қатар атап жүрміз. Өйткені бұл мерекелер рухы жағынан бір-бірін толықтыратын, ұрпақтар сабақтастығына ұласқан мерекелер. Сіздерді Отан қорғаушылар күні мерекесімен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!» – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Ұлы Отан соғысына Жалағаш ауданынан 2316 азамат аттанған болатын. Өкінішке қарай, олардың тек 695-і ғана елге аман-есен оралды.
Шара барысында тыл ардагерлеріне «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалі табысталды. Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын театрландырылған қойылыммен жалғасып, көрермендер назарына соғыс жылдарының оқиғаларын бейнелейтін сахналық көрініс ұсынылды. Сонымен қатар, патриоттық рухты көтеретін әндер шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.