«Медиация күні» қарсаңында және «Медиация туралы» ҚР Заңының қолданысқа енгеніне 7 жыл толуына байланысты «Бітім» медиация орталығы қоғамдық бірлестігі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, медиация саласы бойынша кеңес беру мақсатында «Ашық есік» күнін өткізді.
– Елімізде медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастар 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енген «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Өткен жылдардың іс-тәжірибесі негізінде осы күн «Медиация күні» мәртебесін иеленді. 2018 жылғы 27 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізді, соның нәтижесінде Ассамблея қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуші медиацияны дамытуға ықпал етудің тетігіне айналды», – деп атап өтті шарада «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Уәлихан Ибраев.
Сондай-ақ, шара барысында №2 Қызылорда қалалық сот судьясы Жұлдыз Жакеева және «Бітім» медиация орталығы» ҚБ төрайымы Ләззат Бақтыбаева сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Сонымен бірге даулы мәселелерде тараптарды өзара келістіру мақсатында «Бітім» медиация орталығы» ҚБ-ның кәсіби медиаторлары келушілерге құқықтық кеңестерін берді. Қатысушылар медиация тақырыбында сауалнамалар толтырды.
«Достық үйінде» 2016 жылдан бері медиация кабинеті жұмыс жасайды. Бүгінде облыс көлемінде 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиатор тіркелген.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<