ҚЫЗЫЛОРДАҒА КЕЛУДІҢ 11 СЕБЕБІ

205

0

Аймақта туризм бағытын дамытуды көздеген блок-тур осылай аталды. Қызылорда облысының оң имиджін қалып­тастыру мен туристік нысан­дар­ды насихаттау мақсатында ұйым­дастырылған турды блогерлер қолға алған. Турдың нәтижесі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте “Социум-Қызылорда” қо­ғам­дық қорының төрағасы Ерлан Мұсаев, видеоблогер Герман Дьяченко, сценарист Еркін Сәрсенбаев баяндады.

Блог-турды ұйымдастырушылар  облыс аудандарын аралап өткен. Онда Сыр өңірінің демалыс орындары үш тілде видеоға түсіріліп, таныстырылады. Бұл үшін арнайы сценарист, жүргізушілер мен операторлар жұмыс жасаған. Атал­ған видео-блог қыркүйек айының 10-20-сы аралығында көп­шілікке жол тартпақ.

– Бұл шара Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесіне орай ұйым­дастырылды. Оның мақсаты – тарихы терең өлкені таныстыру. Осы тұрғыда аймақтың барлық тыныс-тіршілігін ашатындай әсем жерлерді көрсетуге тырыстық. «Жаңақорған шипажайынан» бастау алған тур «Бәйгеқұм» демалыс орнын, «Қорқыт ата» ескерткішін, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Н.Ілиясов ауылы, сол жағалау секілді көрнекті орындарды аралады. Сондай-ақ, мәдени орындардан бөлек, ұлттық тағамдарымыз бен корей, өзбек секілді асханаларды көрсеттік. Бұл видео-блог барлық сырттан келетін қонақтардың қызығушылығын оятады деп сенемін, – деді Е.Мұсаев.

Тур ұйымдастырушылары жиын барысында аймақта саяхатшылар үшін барлық жағдай жасалғандығын ерекше тілге тиек етті. Әсіресе, автожолдың қолайлығы мен жол бойында орна­ласқан сервистік кешендердің туристер үшін  жақсы қарастырылғанын баса айтты. Басқосу соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, қолдау көрсеткен барлық жергілікті мекемелер мен облыс әкімдігіне және “Абзал и К” ЖШС-на алғыстарын білдірді.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<