Қызылордада орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді

274

0

Өткен аптада облыс әкімдігінде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетовтің қатысуымен өңірдегі білім саласының ахуалы және алда тұрған ауқымды міндеттерін таразылаған жиын өтті.  Онда білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова хабарлама жасап, осы бағытта салада қолға алынып жатқан шаралар жөнінде баяндады. 

Мектепке дейінгі білім беру жайына келер болсақ, қазіргі таңда облыстағы 672 мектепке дейінгі білім беру ұйымының 72 процентін жекеменшік балабақшалар құрап отыр. Мұның тиімділігі сол – 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі білім берумен қамтылу деңгейі 100 %- ті құрады. Ал жалпы орта білім беретін 293 мектепте 161 469 оқушы білім алуда. Жыл сайын оқушылар санының артуына байланысты 7 мектептің үш ауысымға көшуі мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ, апатты жағдайда тұрған екі мектеп – Жалағаш ауданындағы №34 және Жаңақорған ауданындағы №169 орта мектептердің құрылысы жүріп жатыр.

Бүгінгі уақыт талабына сай биылғы оқу жылында 3 жеке мектеп ашылып, 1450 оқушыны орта білім берумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, Арал ауданы және Қызылорда қаласындағы 3 мектепте жалпы 450 орынға арналған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Нақтырақ айтсақ, бұлар – Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі №231мектеп және облыс орталығындағы №198, №261 орта мектептер.

Департамент басшысы Ғалия Ноғайқызы сала жұмыстарын саралай келе бүгінгі таңда облыстағы білім беру ұйымдары бойынша орыс сыныптарында мамандар жетіспеушілігі орын алып отырғанын айтты.

– Атап айтқанда, қаладағы білім беру ұйымдарында жыл сайын 20-ға жуық орыс тілінде білім беретін бастауыш сынып педагогтары жетіспейді. Орыс сыныптарында физика, химия, биология, математика пәндерінен зейнетке шыққан мұғалімдер сабақ беріп жүр. Әсіресе, ауыл мектептерінде «орыс тілі» пәнінің мамандары жетіспеушілігі алаңдатады,–деді Ғ.Дәулетова.

Расында, мәселе – өзекті. Бұл орайда білім басқармасы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ бірлесе жұмыс жасап, жоғарыда аталған пән мұғалімдерін дайындау мәселесін қолға алып отыр. Айталық, 2020–2021 оқу жылына педагогикалық мамандықтарға 25 ректор грантын бөлу қарастырылып отыр. Сонымен қатар, колледждерде орыс тілінде бастауыш сынып педагогтарын даярлау үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бөлу туралы шешім қабылданған.

Тағы бір мәселе –бүгінгі күні облыста 30 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары жұмыс жасайды. Оның ішінде 17-сі мемлекеттік, қалған 13-і мемлекеттік емес колледждер. Бұл оқу орындарында 97 мамандықтың 167 біліктілігі бойынша 20 мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орындарының жұмысын саралай келе, техникалық және кәсіптік білім бағытында мамандар даярлауға алынған лицензиясы бар, бірақ даярлық жүргізілмейтін 15 колледж 176 біліктілік бойынша лицензияларын қайтаратын болды. Соңғы 5 жылда колледждердің материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жабдықтауға, педагогтердің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінбеуіне байланысты аталған мәселені шешу жолдарын қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ, WorldSkills қозғалысы басталғалы өңірдегі колледждердің жұмысын жандандыру қажеттігі айтылды.

Жиында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның кейбір баптары кеңірек түсіндіріліп, журналистердің сауалдарына жауап берілді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<