Қызылордалық шебер қазақ кілемін дәріптеп жүр

569

0

Қызылордалық қолөнер шебері Зухра Тасболатова қазақ кілемін тоқудың қыр-сырын жетік біледі. Ұлтымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлық өнерін ел арасында кеңінен дәріптеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген ол бала кезінен анасынан аталмыш өнерді үйреніп өсті. Кейіннен өзі де өрнекті өнерді жеке жүргізді. Көздің жауын алатын қаншама бұйымдарды жасап шықты. Қай кезде де анасы өз ақылын айтып, білмеген тұстарын үйретіп жүретін. Зухра мектеп бітіргеннен кейін қазақтың қазыналы қолөнеріне шындап ден қойып, бұл бағытта өз ізденісін жасады. Қазір әрбір дүниесі көпшілік тарапынан зор бағасын алып жүр. Ол бала кезінен тықыр кілемдер мен алашалар тоқуды әдетке айналдырды. Бүгінгі таңда сол үйренгенін өзінің өмірінде пайдасына жаратып келеді.
«Бұл қасиет маған анамнан дарыған. Анам кілем тоқудың барлық қыр-сырын жақсы білетін еді. Мектеп бітіргеннен кейін бұл кәсіпті жетілдіре бастадым. Көрмелерге қатыстым. Елдің көзіне түстім. Бұрын кілем тоқу қазақ үшін өзіндік салт болғанын бәріміз білеміз. Кілем тоқылып жатқан үйде кішігірім той болып жататын еді. Қой сойылып, барлық тәттілер үйілетін. Оны біз де беріде көріп өстік», – дейді ол.
Қолөнер шебері қазір қазақ үйінің шаңырағында қолдан тоқылған кілемдер іліне бермейтінін айтады. Кілемнің қасиетін бағалай алмай жүрген секілдіміз. Бұл дүние тұтынуға төзімді болып келеді. Оңайлықпен тоза қоймайды. Жыртыла бермейтіні тағы бар. Оған қоса шаң-тозаңнан тез тазартылып жатады. Ылғалдылық пен құрғаққа да төзімді болып келеді. Күйе түсе бермейтін қасиетін де жадымыздан шығармауымыз тиіс. Ертеде кілем ілінген үй баршылықтың белгісі ретінде бағаланған. Дегенмен қазір оны көп адамдар пайдалануға назар аудармай келеді. Қолөнер шебері кілемдердің түрлеріне тоқталып өтті. Мәселен, ел арасында түкті деп аталатын түрі бірнеше қабаттан тұрады. Ал тықыр кілем дегені бір өріс жібінен бір қабатты екі жақты тығыз етіп тоқылады.
Сондай-ақ, халқымызда кілемнің аралас деген түрі де кездеседі. Мұндай кілемнің түгі кейде қырқыла қоймайды, арасында қырқылып тұруы да мүмкін. Ал тері кестелі өрнек кілем тоқыма емес. Ол кісінің айтуынша, бір кілемді тоқу үшін бір айдай уақыт кететін көрінеді. Қолөнер шебері жас ұрпаққа көне кезеңінен келе жатқан мирас өнерді дәріптеуде. Ол қазір Төменарық ауылындағы №53 орта мектеп жанынан ашылған қолөнер үйірмесіне жетекшілік етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<