«Заң мен тәртіп» – Жедел кеңестегі негізгі басымдық

8

0

Фото: Qyzylorda PD

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы Жедел кеңес өткізіп, 2026 жылдың І тоқсанын қорытындылады. Жиынға департамент бастығының орынбасарлары, басқарма, қала, аудан басшылары және жеке құрам қатысты.

Кеңес барысында өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі жан-жақты талқыланып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың ашылу деңгейін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін күшейту мәселелеріне де назар аударылды.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде құқық бұзушылықтар, оның ішінде қылмыстар, ауыр санаттағы қылмыс түрлері, бөтен мүлікті ұрлау, пәтер ұрлығы, ұялы телефон ұрлығы, мал ұрлығының және алаяқтық қылмыстарының тіркелуі төмендеді.

Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде жасалған қылмыстардың саны азайды.

Кеңесте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қаралды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін бақылау, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бұл ретте, профилактикалық іс-шараларды жиі өткізу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Департамент бастығының төрағалығымен өткен кеңесте жеке құрам арасындағы тәртіптің және заңдылықтың жай – күйі талқыланды. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру, заң талаптарын қатаң сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын ұстану – басты назарда екені ерекше атап өтілді. Сондай – ақ жеке құрамның қызметтік тәртібін күшейту және әрбір құқық бұзушылыққа дер кезінде әрекет ету мәселелері де көтерілді.

Бақылауды күшейтіп, әрбір құқықбұзушылық фактісіне принципті баға беру және жауапкершіліктен бұлтартпауды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл талаптар құқықтық тәртіпті нығайту мен қоғам сенімін арттырудың негізгі тетігі ретінде белгіленді.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойып қана қоймай, халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуі тиіс екендігі ерекше атап өтілді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

«Жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау жұмыстары ерекше назарда.

Жеке құрам арасында тәртіп пен заң бұзушылықтардың алдын алу – тек бақылау немесе жазалау шаралары емес, ол тәрбиелік, құқықтық бағыттарды біріктіретін кешенді жұмыс. Осындай жүйелі тәсіл ғана полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қоғам сенімін нығайтады. Себебі қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеті қолжетімділік пен ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланыс орнату»,- деді Департамент бастығы Серік Ергешов.

Сонан соң облыстың Бас полицейі жуырда өткен ІІМ Алқа отырысында қойылған басты талаптар мен берілген тапсырмаларды бөлініс басшыларының, жеке құрамның назарына жеткізді. Құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылғандығын басып айтты.

Жиын қорытындысында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның барлық саласында орнықтыру басты басымдықтардың бірі екені атап өтілді.

Жалпы бүгінгі Жедел кеңес «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, қызмет тиімділігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жиын болды.