Зайчиков алтын жүлдеден қағылды

264

0

Шымкентте ауыр атлетикадан ерлер және қыздар арасында жекелей сыннан Қазақстан чемпионаты мен командалық жарыс бойынша ел кубогы өтті. Оңтүстіктегі дүбірлі додаға Астана, Алматы және еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден аса спортшы 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Шымкент қаласындағы БИИК спорт кешенінде өткен чем­пио­наттың алғашқы жарыс күнін­де ерлер 56 килода бақ сынаса, қыздар 48 және 53 кило сал­мақта өзара сынға түсті. Ерлер ара­сындағы сайыста бірінші орын­ды Рио Олимпиадасының қаты­сушысы Арли Чонтей (115+136) жеңіп алды. Қыздар ара­сындағы 48 кило салмақта 16 жастағы Юлия Потасова (72+88) жеңімпаз атанса, 53 килода жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүл­дегері Әйгерім Ауылбек (75+90) теңдессіз деп танылды. Чемпионаттың екінші күні тартысқа толы болды. Жарыс­ты 62 кило салмақтағы ерлер бас­тады. Бұл салмақта Рио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Фар­хат Харкиге тең келер ешкім болмады (115+150). Жұлқи көтеруде оның бір ғана мүмкіндікті пай­да­ланғаны жеңіске жетуіне еш ке­дергі болмады. Қыздар арасында 58 килода Сәуле Сәдуақасова (91+121) мен 63 кило салмақта сын­ға түскен Әсем Садықова ел чем­пионы атанды.
Жарыстың үшінші күні 69 және 75 кило салмақ бойынша ерлер және қыздар бәсекесі өтті. Алтын медаль Алматы об­лы­сының өкілі Анатолий Са­вельевке (131+168) бұйырды. Ал қыздар сайысында 69 кило сал­­мақта На­дежда Лихачева (115+140) үздік деп танылды. 75 ки­лода Алтынай Дәменге (99+125) тең келер ешкім болған жоқ. Ел біріншілігінің төртінші жарыс күнінде қыздар бәсекесі мәресіне жетті. 90 килода жастар арасындағы әлемнің бес дүркін жеңімпазы Надежда Ногай (111+132) ешкімге дес бермесе, 90 килодан жоғары салмақта Ай­зада Мүптілдә (110+138) өз сал­мағының үздігі атанды.
 Сондай-ақ бұл күні 77 килодағы ерлер арасында сынға түскен 2017 жылғы Азия чемпионы Айдар Қазов (143+181) сөзсіз жеңімпаз атанды. Бесінші күнгі жарыс­та Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов 85 кило салмақта топ жарса (170+205), 94 килода 2015 жылғы Азия чем­пионы Рүстем Сыбайға (156+210) тең келер қарсылас табылмады. Чемпионаттың соңғы күнінде жарыс жолына 105 және +105 кило салмақтағы ауыратлеттер шықты. 105 килода Ибрагим Берсанов қос сайыс бойынша 377 кило (175+202) салмақты оңай еңсеріп, чемпион болды. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Александр Зай­чиков (170+201) екінші орынды қанағат тұтты. Ал +105 салмақта Селимхан Әбубакаров топ жарды. Ол қос сайыс бойынша 395 (175+220) килоны бағындырды.
Ауыр атлетикадан Қазақстан кубогы мен чемпионатының қоры­тындысы бойынша Қы­зылорда облысының құрамасы 189 ұпаймен бірінші орынды жең­іп алды. Екінші орынды Ал­маты облысы (184 ұпай), үшінші орынды Алматы қаласының ауыратлеттері (181 ұпай) иеленді. Енді ауыр атлетикадан ел чемпионы атанған спортшылар Джакартада өтетін Азия ойындарына дайындалатын болады.
Әли БИТӨРЕ, 
«Егемен Қазақстан»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<