
Атап айту керек, қазір өзбектің классикалық және заманауи әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуы үшін, бауырлас халықтардың әдеби шығармалары мен әлемнің үздік туындыларын өзбек тіліне аударуға көп күш жұмсалып, үлкен еңбектер атқарылуда. ҚЖО басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз баяндамасында: «Президент Шавкат Мирзиёевтің Өзбекстанда Қазақстан жылын жариялап, Абай мұрасымен танысуға және насихаттауға шешім қабылдауы туыстас екі халықтың бауырмалдығының одан сайын нығая түскенінің айқын дәлелі. Қазақстандық қаламгерлер оған қатты қуандық. Бұл Өзбекстан Президентінің әдебиетке, шығармашылық адамдарына көрсетіп жатқан қамқорлығының жарқын көрінісі, – деп ерекше атап өтті. Шара барысында Өзбекстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында туыстас екі елдің әдеби байланыстарын әлі де болса нығайту мен дамыту төңірегіндегі мәселелер қаралып, нақты атқарылуға тиіс шаралардың жобасы жасалды.