Өзбекстандықтар Семейде Абай Құнанбайұлы туралы фильм түсіреді

297

0

«Абай сөзі» деректі фильмнің  мақсаты – көрермендерді Абайдың балалық шағы, өскен ортасы, шығармашылығы және мұрағат құжаттарымен жақын таныстыру.

Өзбекстанның кинематографшылары «Абай сөзі» деректі фильмін түсіру үшін Семейге келді, – деп хабарлады ҚазАқпарат.

Игі бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы Қаулысы аясында жүзеге асып отыр. Өзбекстан елінің басшысы Ш.Мирзиёев бекіткен құжатта ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны айтылған. Өзбек тіліндегі «Абай сөзі» деректі фильмнің  мақсаты – көрермендерді Абайдың балалық шағы, өскен ортасы, шығармашылығы және мұрағат құжаттарымен жақын таныстыру. 

Ташкент қаласындағы Деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдың Семейдегі музейіне келіп, ақынға қатысты құнды деректермен танысты. Сондай-ақ фильм авторлары музейге ақынның өзбек тіліне аударылған шығармалар жинағын және «Абай жолы» роман-эпопеясын тарту етті.

«Студия ұжымы 5 күн бойы Семейдегі және Жидебайдағы ақын музейінде болып, Абайдың өмір жолы, шығармашылығы туралы түсірді. Фильм осы жылдың соңында шығады деп жоспарлануда», – деді  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің  ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<