ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК МЕКЕМЕ

278

0

Талсуаттағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында «Қызметім – мақтанышым» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева мен облыстық салалық кәсіподағының төрағасы Арлан Елемесов қатысты. Спикерлер әр баланың жүрегінен орын тауып, олардың бойында танымдық көзқарас қалыптастыра білген қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтіп, бұл орайда жүйелі жұмыс жүргізіп отырған  орталық басшылығына ризашылығын жеткізді.

– Жуырда Елордада мерейлі мерекеге арналған салтанатты жиын өтті. Мұнда республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Қуантарлығы, байқауға облыстың атынан қатысқан үміткерлер үш номинацияның жеңімпазы атанды. Соның ішінде сіздердің мекеме «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» аталымына лайық деп табылды. Бұл орайда еңбектің жемісін көріп, өзгелерге үлгі бола білу үлкен мәртебе екенін айту керек, – деді А.Болатқызы.

Кеш барысында жемісті қызмет етіп жүрген Алтынбек Кеңесов, Нұргүл Рүстемова, Рауан Рахымберді секілді бірқатар сала қызметкерлері басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталып, жетістік төрінен табылды. Жиын соңы концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Осыдан кейін орталық директоры Айгүл Шамшатова БАҚ өкілдерін мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды. 20 жылға жуық уақыт қызмет көрсетіп келе жатқан орталықта 3-18 жас аралығындағы балалар 8 бағыт бойынша қызмет алады. Қазір 63 балаға стационарлық бөлімде ем шаралары жүргізілуде. Мекемеде 200-ден астам қызметкер бар екен.

– Бұл салада қызмет еткеніме 10 жылға жуықтады. Қазір өзіме бекітілген 7 балаға қажетті көмек ұсынуға тырысамын. Көбінің тірек-қимыл жүйесі бұзылған, арбаға таңылған. Көңілің түсіп, қаймығасың. Бірақ, «Оларға дем беріп, жәрдемдесуім керек!» деп, күнделікті өзімді қайрап-қамшылап отырамын. Балалардың болашағы барына сенемін. Кейде олардың ата-анасы алғысын жаудырғанда, жұмысқа деген құлшыныс одан әрі арта түседі. Бәлкім, біздің қызметіміздің ерекшелігі осында шығар, – дейді орталық тәрбиешісі Айгүл Түкенова.

Иә, қайырымдылық кең етек алған қоғамда мейірімділік орнайды. Тек көмекке мұқтажға жылылық таныту – осындай орталықтардың ғана емес, елдің ортақ мүддесі екенін естен шығармасақ екен.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<