Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады

288

0

Кеше Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын талқылап, түсіндіру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.  Жиынға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Серікбай Өмірзақов, өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас қатысты. 

Стратегиялық құжат еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған. Жолдауда білім беру саласына байланысты мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру, біліктілік талаптарын және жалақының жаңа жүйесін жасау керектігі айтылды. Сондай-ақ, енді мектепке дейінгі білім беруді дамытудың «Жол картасы» дайындалып, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылданады.

 – Жолдауда 3-6 жас аралығындағы балалардың 95 проценті балабақшамен қамтылғандығы айтылды. Ал, біздің облыста бұл мәселе толықтай шешілген. Республика бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінің жүзеге асуы жеке балабақша санының артуына септігін тигізді. Ендігі міндет балалардың білім сапасын көтеру. Сондықтан,  мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде осы мамандық бойынша білім алған маман жұмыс істеуі қажет. Жұмыспен қамту мекемелерінің дерегі бойынша олардың көпшілігі жұмыссыздар қатарында. Сондықтан Елбасы аса маңызды мәселені шешуді тапсырды, – дейді Бақытжан Әбдіқалықұлы.

Сондай-ақ, биыл колледжде мектепке дейінгі тәрбие, білім беру мамандығына талапкерлерді қабылдау жүйесінің өзгергенін, оқушыларды жаңа еңбек нарығына даярлау керектігін атап өтті.

Елбасы Жолдауында мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі екенін нақтылай түсті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты бәсекеге қабілеттілікті арттыру екеніне тоқталған Нұрлыбек Мыңжас осы бағыттағы міндеттерге баса мән берді. Сондай-ақ, 2012 жылы ел тұрғындарының өмір сүру жасының  ұзақтығы 69 жас болса, бүгінде 72,5 жасқа жеткендігін еске салды. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғандығының айғағы. Ал, Серікбай Өмірзақов агроөнеркәсіп кешеніндегі өзгерістерді атап өтті. Елбасы Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді тапсырған болатын.

Жалпы, брифинг барысында Жолдаудан туындайтын міндеттер мен оны жүзеге асыру жолдары кеңінен айтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<