Жаңа оқулықта кейбір сөздер өзгертілді – баспагер

406

0

Биыл жаңартылған бағдарлама бойынша 3, 6 және 8 сыныптың оқулықтары шықты және оған көптеген өзгертілген сөздер енді. Бұл жайында «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Оның айтуынша, бұл оқулықтардың барлығы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша апробациядан өткен және министрліктен тыс баспа өз ішінде де сараптама жасаған.

«Бір айта кетерлігі жаңадан шығып отырған оқулықтарда жаңарған сөздер бар. Мысалы, бұрын машина деген сөзді «машина» деп жаза беретінбіз, қазір «мәшине» болды. Шекара сөзін «к» әрпімен жазатынбыз, қазір «шегара» болды. Сонымен қатар, «алма ағашы» сөзі «алмаағашы» деп бірге жазылатын болды. Мұндай сөздер көп, дегенмен ата-аналар бізге қате деп хат жазып жатады. Бұл сөздер 2013 жылы шыққан орфографиялық сөздікте бекітілген, сондықтан біз осыны басшылыққа алдық. Сондай-ақ, түсінбеушілік болмасын деп барлық баспалар жиылып А.Байтұрсынов атындағы тіл білім институтының лингвистикалық сараптамасына да жүгініп, сараптамандан өткіздік», – дейді «Атамұра» корпорациясының президенті.

Р.Құл-Мұхаммед, жаңа оқулықтар шықпай тұрып әр өңірге барып, ұстаздардың пікір, ұсыныстарын тыңдағандарын айтып өтті.

«Оқулық шықпай тұрып біз өзіміздің редакторлар, авторлар, әдіскерлерімізбен бірге бүкіл облыстарды аралап шықтық. Ондағы мақсат – ұстаздардың педагогтық пікірін біліп, сол кісілердің орынды ұсыныстары болса қабылдау еді. Осының барлығы оқулықты шығару барысында ескерілді», – дейді ол.

Бүгін Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына арналған оқулықтардың шығарылу жолдарымен және мектептерге жеткізілу үрдісімен таныстыру үшін БАҚ өкілдерін «Атамұра» корпорациясының полиграфкомбинатына апарды.

Ол жерде оқулықтар өндірістен қалай өтеді, қандай материалдар қолданылады, оның мұқабасы қандай, оның қандай түрлері болатындығы түсіндірілді.

«Атамұра» полиграф комбинатының директоры Ыдырыс Бегалиев жаңа оқу жылына арналған оқулықтардың барлығын басып шығарылғандығын, қазір соларды тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.

«Қазір оқулықтар түгелдей басылып болды. Мұның ішінде тек оқулық қана емес, дәптер, күнделік сияқты сабаққа қажетті құралдар да бар. Жалпы біздің өндіріс орын күніне 150 мың кітапқа дейін шығара алады. Осы жолы мерзім қысқа болғандықтан, жұмысшылар тәулігіне үш жұмыс кестесі бойынша жұмыс жасады. Оқулықтардың барлығы стандарттық талаптарға сай басылды. Біз қағаздарды Финляндиядан аламыз, өйткені ол ел әлем бойынша ең сапалы қағаздарды шығарады», – дейді маман.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<