Жаңақорған ауданы: Әкімдіктегі бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды

262

0

Алаяқтық жасаған мемлекеттік қызметшінің өз еркімен жұмыстан босатылуына жол берген Жаңақорған ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына тәртіптік  шара көріледі. Бұл – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы Әдеп кеңесі мүшелерінің соңғы шешімі.

Жуырда кеңестің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары А.Салыбековтің, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Абдуллаевтың және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Асылбайұлының әрекеттері талқыға түскен болатын. Үш лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік істердің қаралуына Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Ж.Дүйсекеевтің сот үкімімен кінәлі деп табылғанымен, өз өтінішіне сәйкес қызметтен босатылғандығы негіз болып отыр.

Тарқатып айтсақ, Ж.Дүйсекеев алаяқтық қылмысы үшін өткен жылдың тамыз айында Жаңақорған аудандық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, оған қатысты айыптау үкімі қабылданған. «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 61-бабы 12-тармағында қылмыс немесе қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуі мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болатындығы көрсетілген.

Дегенмен, соттың үкімі заңды күшіне енгені ескерілместен, аппарат басшысы А.Абдуллаев пен мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Асылбайұлы тарапынан заң талаптары сақталмай, Ж.Дүйсекеевтің 2 рет ақысыз демалысқа шығуына және 2 айдан кейін өз өтінішіне сәйкес жұмыстан шығуына ықпал жасалған.

Демек, шешімдерді дайындау барысында кінәлі деп танылған азаматқа құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетілгені айқын байқалып тұр. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қызметтік тергеп-тексерулердің материалдарын жан-жақты қарап, әрекеттерді құқықтық жағынан бағалады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін А.Абдуллаевқа және Ж.Асылбайұлына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын көру жөнінде шешім етті.

Ал, аудан әкімінің орынбасары А.Салыбековтың тәртіптік ісін қарау барысында кеңес мүшелерінің басым бөлігі Ж.Дүйсекеевті өз өтінішіне сәйкес жұмыстан босату туралы өкімнің аппарат басшысы А.Абдуллаев пен мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Асылбайұлының қызметтік хатына сүйеніп қабылданғанын назарға алды. Осылайша, А.Салыбековке қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

М.СНАДИН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<