Жайылманың қарбызы шілденің басында піседі

5

0

Қазір диқандар егін басында. Алқаптағы тіршілік қайнап жатыр. Кейбір бақша дақылдары пісіп, саудаға шықты. Жайылманың қарбызы да шілде айының басында базарға түседі. Бұл туралы «Ахатай» шаруашылығының үйлестірушісі Досхан Мәуленқұловтан білдік. Диқан қарбалас уақытқа қарамай бізбен тілдесіп, шаруа жайын бөлісті.

Биыл 80 гектарға қарбыз егіпті. Шаруашылықтың құрылғанына 10 жыл толған, онда 40-тан астам адам еңбек етеді. Бала кезінен шаруаға бейім диқан жиырма жылдан бері егіншілікпен айналысып келеді.

– Сәуірдің басында жерді дайындап, егіп бастадық. 18-і күні пленка әдісімен дән себілді. Әр дәнді қолдап ектік. Бір ұяға бір түйір дән  салынады. Екі-үш күнде екі құлақ болып шыға бастайды. Жиырма күннің ішінде 4-5 құлаққа айналады. Сол тұста пленканы тесіп, сабағын сыртқа шығарамыз. Қазір гүлдеп тұр. Қарбызды еккеннен кейін 80 күннен соң піседі. Осылайша шілде айының басында қарбызды саудаға шығара бастаймыз. Енді ала жаздай иықтан кетпен түспейді. Уақытылы тыңайтқыш себіліп, зиянкестердің алдын алу, арамшөбін жұлу сынды әр істі қадағалаймыз. Жұмыс оңай емес, таң бозынан қас қарайғанша бел жазбай­мыз. Піскеннен кейін еңбек ақталса деп ниет қыламыз. Баға деген тұрақсыз. Бірде тәп-тәуір өтсе, бірде арзанға беруге тура келеді. Себебі өнім уақытында жұлынбаса сарғаяды, ал сабағынан бөлінген соң тез өтіп кеткені дұрыс, – дейді ол.

Досханның айтуынша, шаруалар үшін пленка әдісі тиімді. Себебі көшет көле­гейлеп бапталады. Әдісті 2005 жылдан бері қол­да­нып келеді. Желден, суықтан, жаң­быр­­дан қорғайды. Жас  көшеттің берік өсуіне ық­пал етеді. Ал судан мәселе жоқ, «Жиделі» су қой­ма­сынан алады. Ол қар, жаңбыр суынан жиналған.

– Егінді аптасына бір рет суарамыз. Тау суын ішкен қарбызды өзгелермен салыстыруға кел­мейді. Дәмі балдай болатыны да сол. Оның үс­тіне тыңайтқышты мөлшерімен ғана қолданамыз. Бабын келтіріп, күнін толтырып қана сабағынан үземіз,  – дейді ол.

Былтыр диқан мол өнім жинады.  Гектарына 30 тоннадан асты. Келісін 40-50 теңге аралығында саудалады. Басым бөлігі Ресей мен Батыс Қа­зақстанға жөнелтілді. Облыс көлемінде де сұра­ныс жоғары болды. Қарбызын базарға жеткізіп үлгермеді. Себебі сатып алушылар жүк көлігімен алқап басынан алып кетті. Досхан биыл да еңбегі еш кетпейтініне сенімді. Маңдай тер мен адал еңбектің арқасында өнім мол жиналмақ.

Иә, қауын, қарбыз піскенде ең алдымен жұрт Жайылманың қарбызын тосады. Бағасы арзан, дәмі тіл үйірер дақыл қашанда сұранысқа ие.

Расында, қай салада болсын еңбек адамы сыйлы. Оның ішінде дарқан дала төсінде ақық дәнді аялаған диқан еңбегі ерен.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»