Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Биыл аудан бойынша 41 864 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 16 618 гектарды құрады. Аудандағы 359 шаруашылықтың басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады.
«Материалдық-техникалық база да жаңарып келеді. Шаруашылықтар 147 млн теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Мал шаруашылығында да оң өсім сақталып, ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе және құс саны артқан. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында пайдаланылмай жатқан 8 753 гектар жер мемлекет қорына қайтарылып, қайта айналымға енгізу үшін 3 429 гектар жер жеке және заңды тұлғаларға табысталды. Су үнемдеу технологияларын енгізу аясында 15 мың гектар егістікке лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді», – деді аудан әкімі.
Инфрақұрылым саласында да нақты нәтижелер бар. Биыл жол саласын дамытуға бөлінген қаржы есебінен үш елді мекендегі сегіз көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аяқталғаннан кейін ауданішілік жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 88 пайызға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ демеушілер қаражатына қосымша 2 шақырым жолға тас төселген.
«Аудан халқы бүгінде толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Есет батыр ауылында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге электр желілерін жаңарту бойынша бірнеше жобаның құжаттары әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту аудан экономикасының тұрақты өсуінің басты негізі. Біз тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған барлық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудамыз», – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі






