Жаңа сауда орталығы ашылды

174

0

Бүгін Қызылорда қаласында «ASTANA PLAZA» жаңа орталығы өз жұмысын бастады.


Нысанның ашылуында «Мемлекет басшысының өзі бүгінде біздің алдымызға ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қойып отырғандығын жақсы білесіздер. Бүгінгі «ASTANA PLAZA» сауда орталығының ашылуы салаға көрсетілген қолдаудың бір нәтижесі», – деген қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов жергілікті билік әрдайым кәсіп бастауға ниетті азаматтарға ерекше қолдау білдіріп келе жатқандығын да атап өтті.


Сонымен бірге қалада кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып отырғаны үшін жоба басшылығына алғыс білдіріп, халық игілігіне пайдалануға берілген нысан тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып, сапалы қызмет етуін тіледі.


Кәсіп иесі Бағдат Ибраев «Сауда орны қазіргі уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бизнес орталық толық іске қосылғанда 150-ге дейін жерлестеріміз аталмыш нысанның қызметкерлері қатарын толықтырмақ» – дейді.

Аумағы 5 мың 838 шаршы метрді құрайтын ғимарат облыс орталығындағы Астана және Жеңіс көшелерінің қиылысында орналасқан. Нысанның құрылысына жеке кәсіпкер 723 млн. теңге өз қаражатын бағыттапты. Бүгінде орталықта «Food Market» супермаркеті өз жұмысын бастап, тұрғындарға 25 мыңнан астам азық-түлік және тұрмыстық тауар түрін ұсынуда. Сауда нүктесінде келушілерге 3 касса қызмет көрсетеді. Бизнес орталық ауласында автокөлікке арналған автотұрақ та бар.


Айта кетейік, Қызылорда қаласында 22 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері белсенді түрде жұмыс істеуде. Осы арқылы 50 мың 344 қызылордалық тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз