Құрылтай

Жартыжылдықтың жай-жапсары

8

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Президентке Агенттіктің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді.

Жанат Элиманов 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңгенің зардабы өтелгенін жеткізді. Сондай-ақ 7 қылмыстық топтың (оның ішінде төртеуі – трансұлттық топ) және 176 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылғанын атап өтті.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстату үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған. Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңгені өткізген 36 дропперлік топ анықталды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына ТМД елдері аумағында алғаш рет дербес деректерді заңсыз иемдену мақсатында ұялы байланыс операторларының жұмысын имитация жасайтын және фишинг SMS-хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған адамдар ұсталғаны баяндалды.

Агенттік төрағасы бюджет шығыстарына мони­торинг жүргізу шаралары туралы айт­ты. Мәселен, 52 инфрақұрылымдық жоба бо­йынша 279 миллиард теңге қаржының негіз­сіз жұмсалуына жол берілмеген. Ғылыми әзір­лемелерді коммерцияландыру кезінде 10 миллиард теңге көлемінде мемлекет қаржы­сын жымқыру ықтималдығы анықталды. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу үшін жеке клиникалардың 140 мың азаматтың жалған тіркеу мәліметтерін көрсеткені белгілі болды.

Бұдан бөлек, алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталды. Алаяқтық пиғылымен ашылған 2,3 мың ресурстың және 35 мыңнан аса мүшесі бар 25 чаттың қызметі тоқтатылды.

Қаржылық сауатты арттыру бағытындағы іс-шараларға 245 мыңнан астам азамат қатысты. Салалық заңнаманы жетілдірудің нәтижесінде Қазақстанның рейтингтегі орны ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша жоғарылады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агент­тік қызметінің негізгі бағыттарына қатыс­ты бірқатар нақты тапсырма берді.

***

Кеше сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенді және Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовты қабылдады. Президентке өңірлерді дамыту жөнінде есеп беріліп, алдағы міндеттер пысықталды.