Құрылтай

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты назарда

3

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Жәнібек Алиевтің төрағалығымен комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысының күн тәртібінде аудандық полиция бөлімінің ұсынысы, өмірдің қиын жағдайында қалған балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда қаралған құқық бұзушылық деректері мен көрсетілген көмектер, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімінің, аудандық білім бөлімінің, аудандық отбасын қолдау орталығының және аудандық көпбейінді орталық аурухананың жауапты мамандары баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы хабарлады.

Комиссия отырысын қорытындылаған комиссия төрағасы Жәнібек Алиев кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың, қаңғыбастықтың және нашақорлықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ тәуекел тобындағы балалармен және олардың отбасыларымен жүйелі жұмыс жүргізіп, барлық жауапты мекемелердің өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті хаттамалық шешімдер қабылданып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Қазалы ауданы әкімдігі