Жауапты маусым жақын

226

0

Фото: Облыс әкімдігі

Сыр диқандары биыл сәуір айының үшінші онкүндігінде егін егу науқанын бастайды. Алдын ала жоспар бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Әрине, барлығы дария деңгейіне байланысты. Әйтсе де сала мамандары жергілікті диқандар алдағы жауапты науқанда судан тарықпайды деп отыр.

Кейінгі жылдары суға қатысты жағдай біршама өзгерді. Облыс басшылығы тарапынан жүйелі іс-әрекет жасалып, нақты нәтижеге қол жетті. Үкімет басшылығы мен жа­уап­ты министрлік Сырдария өзені ар­қылы Қазақстанға келетін су мөл­шерін реттеп, өткен екі жылда жергілікті еңбеккерлер қажетті мөл­шердегі суға қол жеткізді.

Қазір дария деңгейі көңіл дем­дерлік. Өзеннің Қазақстанға дейінгі бөлігінде 13,7 млрд текше метр су бар. Бұл өткен жылғыдан 1,5 млрд текше метрге артық. Ал «Шардара» су қоймасында 4,6 млрд текше метр су жиналған.

– Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес облыста су үнем­деу технологиясына баса назар ау­­да­рылып келеді. Былтыр осы әдіс­пен 4,4 мың гектар егін егілсе, биыл 9,2 мың гектарға жеткізілмек. Қуанарлығы, кейінгі он жылдың көлемінде күріш атыздарын лазерлік тегістеуге мән берілді. Қаншама су үнемделді, өнімділік 30 пайызға артты. Айта кетерлігі, мұндай алқаптар көлемі жылдан-жылға артып келеді. Биыл лазерлік тегістелген күріш алқабы 60 мың гектарға дейін жетеді деген жоспар бар. 2028 жылға қарай 72 мың гектарға дейін артады. Осы мақсатта шаруашылық құрылымдары лазерлік тегістегіш техникалармен қамтылуда, – деді  облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Облыс әкімінің бастамасымен кейінгі екі жылда жергілікті тұрғын­дардың көкөніс-бақша дақылдарын егуіне барынша қолайлы жағдай жа­салып келеді. 2023 жылы 5542 отбасына 3282 гектар жер дайын­далып берілді. Көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тапқан игілікті іс жыл сайын жалғасуда. 

Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егін көлемі 4,3 мың гектарға ұлғайды. Оның ішінде күріш 350 гектарға артса, егісті әртараптандыру бағытында 3,4 мың гектар малазықтық, 710 гектар майлы, 118 гектар картоп, көкөніс-бақша дақылдары егілмек. Қазір диқандар жоңышқа, мақсары, бидай, арпа, қант құмайы, судан шөбі дақылдарын егуді бастап кетті.

Басқарма басшысының ай­туын­ша, алдағы маусымға қажетті 22,2 мың тонна күріш тұқымы толықтай дайындалған. Сондай-ақ одан өзге 2039 тонна дәнді, 109 тонна майлы, 300 тонна малазықтық дақылдар тұ­қымы қолда бар. Оған қоса ша­руа­шылықтарға минералдық тың­айт­­қыш жеткізіліп жатыр. ҚР Энер­гетика министрлігі тарапынан егін егу және дала жұмыстарына 10 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. – Өткен жылдан бері «Кең дала-2» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама шаруаларға көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде тиімділігін көрсетіп отыр. Бұрынғы жылдары егін жұмыстары кезінде диқандар қаржы таппай қиналатын еді. Салдарынан жоғары пайызды несие

алуға мәжбүр болды. Ендігі кезекте «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 85 пайыз кепілдеме ретінде қаржы алуына мүмкіндігі бар. Айта кетсек, былтыр бұл ағытта 2 шаруашылық 1,4 млрд теңгеге қол жеткізді. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстан Фридом Банкі» арқылы тиісті ақшасын алуға мүмкіндік туды, – деді басқарма басшысы.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»