Жекешелендіру қалай жүріп жатыр?

306

0

Жекешелендіру қалай жүріп жатыр? Мемлекет басшысы жыл басында мемлекет меншігіндегі ұйымдарды бәсекелес ортаға беруді жеделдету қажеттігін айтқан болатын. Ол елдің экономикалық өсіміне, бизнестің одан әрі дамуына серпін беру үшін жасалды. «Бұл тапсырма өңірде қалай жүзеге асып жатыр, жария етудің жай-жапсары қандай?» деген сұрақтарға біз облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Құдайбергеновтің қатысуымен өткен интернет-конференцияда жауап алдық.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметі көлеңкедегі капиталды шығаруды көздейтін жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №11 қаулысына сәйкес, облыста коммуналдық меншіктің 8 объектісі және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК акционерлік қоғамының 7 еншілес компаниясы анықталған. 2016-2018 жылдары жекешелендірудің екінші толқыны аясында барлығы 8 объекті же­кешелендірілген, оның 3-і коммуналдық мен­шіктегі және 5-і «Байқоңыр» ӘКК» ҰК  акционерлік қоғамының нысандары.
– Облыста жекешелендіру жоспарлы жүргізілуде.  5 нысанды тарату бойынша шешім қабылданып, оның екеуі таратылды («Нұрсәт» теннис орталығы» МКҚК, «№2 қалалық емхана» МКК).  Қалған 3 ұйым – «Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру-дене шынықтыру клубы» ШЖҚ МКК, «Сырдария» балалар сауықтыру лагері» МКҚК, «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС бойынша тарату жұмыстары жүргізілуде, – деді Р.Құдайбергенов.
Конференция барысында Ринат Мажитұлы жаңа әуе терминалын салу кезінде туындаған қиындықтарға байланысты «Қорқыт ата» әуежайын жекешелендіруге жататын объектілер тізімінен шығару ұсынылғанын, бұл шешім республикалық комиссия тарапынан қолдау тапқанын да атап өтті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<