Желіде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан фейк комментарий тарап жатыр

264

0

Фото: stopfake.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цитатасы келтірілген жалған ақпарат тарап жатыр. Онда Мемлекет басшысы бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты оқиғаға пікір білдіргені және президент оның адам өлтіргеніне сенбейтіні жазылған. Бұл ақпарат – фейк. Кazinform бұл туралы Stopfake.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еске салсақ, Ақорданың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ҚР Президенті 15 қарашада құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізіп, елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты пікір білдіргені туралы баспасөз релизі жарияланды.

Онда Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керектігін айтып, Ішкі істер министрлігінің басшылығына бұл істі ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«БАҚ жаңалықтарында да Президенттің осы цитаталары келтірілген. Ал желіде тарап жатқан ақпаратқа ұқсас ештеңе айтпаған. Бұл комментарий – жалған», – деп қорытындылайды Stopfake.kz.

Айта кетейік, фейктің бастапқы дереккөзі – Qazinform24 сатиралық аккаунты. Ол Instagram-да ойдан шығарылған жаңалықтарды жариялап тұрады. Бұл туралы парақшаның профилінде де жазылған.

Олай болса, таралған ақпаратқа сенбеген жөн.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9 қарашада Астанадағы «Бау» мейрамханасында Ұлттық экономика министрлігінің экс-басшысы Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жығып, ол жедел жәрдем келгенше жан тапсырды.

Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Елорда Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.

11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевті 2 айға қамауға алу бойынша бұлтартпау шарасын санкциялады.

12 қарашада кісі өлімі болған «Гастро-Орталық» мейрамханасының директоры ұсталды.

15 қараша өткен кеңесте Президент Қ.Тоқаев ІІМ-ге Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<