Құрылтай

Жол-көлік инфрақұрылымы дамып келеді

42

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков автомобиль жолдарын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Шиелі ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырымды құрайды. Оның 80 шақырымы – республикалық, 100,5 шақырымы – облыстық, 145,4 шақырымы – аудандық маңыздағы жолдар. Бүгінде аудандық маңыздағы жолдардың 94,9 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, облыстық және республикалық жолдар 100 пайыз асфальтталған.

Ауданда бюджеттен тыс қаражат пен демеушілердің қолдауымен жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Шиелі–Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымы 2,5 млрд теңгеге толық күрделі жөндеуден өтті.

Сонымен қатар, «Самара–Шымкент» бағытындағы 8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасына 1,6 млрд теңге толық бөлініп, нысанды биылғы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Алғабас ауылындағы 6 көшені күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 3,1 шақырым жол жаңартылып, жұмыстар тамыз айында толық аяқталады.

Шиелі кентінің жол-көлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 21 көшені жөндеу жобасы әзірленді. Бұл жоба 2026–2028 жылдар аралығында іске асырылып, биыл оның алғашқы кезеңі ретінде 11 көшеде жөндеу жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін қайта жаңғырту, бағдаршамдар орнату, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін жаңарту, бейнебақылау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан орталығында 72 бейнебақылау камерасы, 8 жылдамдық өлшегіш құрылғы және 18 бағдаршам жұмыс істейді.

Аудан тұрғындарының қатынауына қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгінде 21 ауылішілік және ауданаралық, сондай-ақ кент ішінде 5 қоғамдық көлік бағыты тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі