Құрылтай

Жосалы кентінде жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды

8

0

Бүгін Жосалы кентінде жаңа «Ырыстыжан» сауда орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа кәсіпкерлік нысанының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы Молдабаев қатысып, кәсіпкерді айтулы қуанышымен құттықтап, жұмысына табыс пен береке тіледі.

– Ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуында кәсіпкерліктің алар орны ерекше. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші ретінде айқындап келеді. Осындай нәтижелі жобалардың ауданымызда көбейіп, жаңа өндірістер мен сауда нысандарының ашылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыра түсетініне сенімдімін, – деді Диас Асылбекұлы.

Пайдалануға берілген «Ырыстыжан» сауда орталығы – аудандағы кәсіпкерліктің дамуына қосылған маңызды жобалардың бірі. Сауда орталығы тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және аудан экономикасының дамуына оң серпін беретін игі бастама.

Айта кету керек, бүгінде Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласы тұрақты қарқынмен дамып келеді. 2026 жылдың 6 айдың қорытындысымен ауданда 2837 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 95,2 пайызы белсенді жұмыс жасауда. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы және Аграрлық несие корпорациясы арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы мүмкіндіктер жасалуда.