Жоспар тиімді іске асуы қажет

170

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа холдингтің былтыр атқар­ған жұмысы туралы есеп беріліп, биыл­ғы жоспары таныстырылды.

Басқарма төрағасының айтуын­ша, өткен жылы холдинг тарапынан 6 триллион теңгеге жуық қолдау көрсетілген. Оның 4,1 триллион теңгесі ірі, орта және шағын биз­неске, ал 1,9 триллион теңгесі тұрғын үй-құрылыс секторына бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр холдингтің актив­тері 14,1 триллион теңгеге жеткені жөнінде баян­далды. Инвестициялық және несие портфелі 10,3 триллион теңгеге дейін ұлғайып, таза табыс 416 мил­лиард теңгені құрады. Рустам Қара­ғойшиннің айтуынша, бұл қаржыны холдингтің компаниялар тобы аясындағы бағдарламаларды іске асыруға жұмсау жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» база­сында екі кепілдік қоры іске қосыл­ғаны туралы мәлімет берілді. Оның бірі шағын және орта бизнесті қол­дауға арналған, ал екіншісі құ­ны 7 миллиард теңгеден асатын ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Бұдан бөлек, Президентке тіке­лей инвестиция тарту бойынша бір­қатар бастама, соның ішінде шетелдік серіктестермен бірлескен қорлар арқылы ауыл шаруашылығы, өңдеу және тау-кен металлургиясы сала­ларында жобалар жүзеге асы­ры­латыны жөнінде мәлімет бе­рілді. Аталған қорлар «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында құрылады.

Мемлекет басшысы еліміздің орнықты экономикалық дамуы үшін ұсынылып отырған бастамаларды орындаудың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәй­терек» холдингіне екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жо­басын іске асыруға қаржы тарту мәселесін шешуді тапсырды. Пре­зидент алға қойылған жоспарларды тиімді іске асыру қажет екеніне баса назар аударды.