Жылыжай шаруашылығының жемісті жолы

5

0

Фото: Арал ауданы

Сексеуіл кентінде ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып келе жатқан жеке кәсіпкер Боханов Ахметжан Мұздыбайұлы бірнеше жылдан бері жылыжай және егістік шаруашылығын табысты жүргізіп келеді.

2021 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер бүгінде көкөніс өнімдерін өсіруді жүйелі жолға қойып, жергілікті тұрғындарды сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуде. Жылыжай кешенінде қияр мен қызанақ дақылдары өсіріліп, жыл он екі ай халық сұранысын өтеуге мүмкіндік жасалған. Заманауи тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы өнім көлемі артып, көкөністердің сапасы да жоғары деңгейде сақталуда.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер жылыжай жанындағы бақшалық жеріне 250 түп алма, алмұрт, қара өрік жеміс талын және 150 түп терек талының көшетін отырғызған.

Сонымен қатар, 2025 жылы 12 гектар жерге бақша және көкөніс дақылдары орналастырылып, мол өнім алынуда.

Атап айтқанда, қауын, қарбыз және өзге де көкөніс түрлері егіліп, аудан және кент тұрғындарына нарық бағасынан 10–15 пайыз төмен бағада ұсынылды. Бұл бастама тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізіп, жергілікті өнімге деген сұранысты арттыруда.

Жылыжай шаруашылығы –ауыл экономикасын дамытуға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды сала. Осы бағыттағы қажырлы еңбектің нәтижесінде Ахметжан Мұздыбайұлы «Үздік бақша дақылдарын орналастырушы» номинациясы бойынша облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталған.

Бүгінде кәсіпкердің еңбегі көпке үлгі. Жергілікті ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.

Арал ауданы әкімдігі