Кеше «Достық үйінде» «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық телеарналарының директорлары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы телеарна ұжымын мерейтойымен құттықтап, өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады» деп атап өтті.
«Qyzylorda» телеарнасындағы білікті әрі тәжірибелі мамандар заманға сай озық техникалар мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланып, журналистикадағы жаңа бастамаларды ақпарат айдынына батыл енгізіп келеді.
Аймағымыздың жетекші арнасы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғалар туралы ақпаратты жылдам таратып, жағымды жаңалықтардың хабаршысы болуда. Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығармашылығын дамыту мен жергілікті музыкалық контентті қалыптастыруға айрықша басымдық берді.
Бүгінде «Ботақан» балалар телефестивалі, «Сыр жұлдыздары» ән байқауы, «Жыр керуен», «Асыл мұра», «Сыр сүлейін сұрасаң…», «Ғасырлар үні» секілді дәстүрлі музыканы насихаттайтын тағылымды жобалар телеарнаның алтын қорын толықтырды.
Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара бергейсіздер! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында корпорацияның бас редакторы Болат Мүрсәлім Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқып беріп, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Қарабала сөз сөйледі.

Кәсіби шеберлігі мен телевизия саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар азаматқа облыстың Құрмет Грамотасы, облыс әкімнің Алғыс хаты, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Телеарна тынысы
Кеше сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім облыстық «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты. Телеарна алғаш рет 1991 жылдың 30 сәуірінде эфирге шығып, 35 жылдан бері өңір тұрғындарын үздіксіз әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.
Осы жылдар аралығында отандық журналистиканың үздік мектептерінің бірі болып қалыптасты, арна тілшілері Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің шежіресін жасауға атсалысты. Шығармашылық ұжым дайындаған сюжеттерде, бағдарламаларда жұртшылықтың ойы мен пікірі, талабы мен тілегі айқын көрініс табады.
Телеарна ғимараты үш және төрт қабатты екі блоктан тұрады, жалпы аумағы 3500 шаршы метр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған 4 студия бар. Атап айтқанда, қойылымдық хабарларға арналған түсіру павильоны, жаңалықтар, виртуалды және дыбыс жазу студиялары. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Бүгінде телеарна цифрлық форматта тәулігіне 15 сағат хабар таратады. Жаңалықтар күніне жалпы 8 рет, оның 6-ы тікелей эфирде көрерменге ұсынылады. Апта сайын әртүрлі бағыттағы 35-тен астам бағдарлама дайындалады. Өзіндік өнімнің үлесі 67 пайыз.
Телеарна эфирінде «Өмірдің өзі…», «Өзекжарды», «Ұлт саулығы», «Қайырлы күн, Қызылорда!», «Анықтаймыз», «Құдайы қонақ», «Қызық орда», «Параллель», «Пайдалы подкаст», «Үштаған» секілді жобалар тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл бағдарламаларда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, көрермен сұранысына сай сапалы әрі мазмұнды ақпарат, жан-жақты сараптамалар беріледі.
Бүгінде мұнда 71 кәсіби маман еңбек етеді. Ұжым өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму жолын жан-жақты насихаттауға өз үлесін қосып келеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі





