Қазақстанда жалған ақпарат таратуға қатысты құқық қолдану тәжірибесі күшейіп келеді. Заң талаптарына сәйкес, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялаған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы бойынша 59 адам жауапкершілікке тартылған. Ал Қылмыстық кодекстің 274-бабы негізінде 20 қылмыстық іс тіркеліп, олардың бірқатары сот қарауына жолданған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, жауапкершілікке тек бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар ғана емес, әлеуметтік желілердегі жазбалар, пікірлер, бейнероликтер мен өзге де пайдаланушылар таратқан контент негіз болуы мүмкін.
Соңғы уақытта төтенше жағдайлар туралы жалған хабарламалар тарату, қойылымдық бейнероликтерді шынайы оқиға ретінде көрсету, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қызметіне қатысты жалған мәліметтер жариялау фактілері жиі кездесуде.
Мамандар жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жасалған контентке де ерекше назар аударылатынын айтады. Нейрожелілер көмегімен дайындалған сурет, аудио немесе бейнематериал азаматтарды адастырып, қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызса немесе шынайы оқиға ретінде ұсынылса, оған құқықтық баға беріледі.
Әрбір жарияланған ақпараттың нақты авторы болады және интернет кеңістігіндегі кез келген жалған мәлімет цифрлық із қалдырады. Сондықтан аккаунттың танымалдылығы мен жазылушылар санына қарамастан, заң талаптары баршаға бірдей қолданылады.
Мамандар азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратудан сақ болуға, кез келген хабарламаға сын көзбен қарап, дереккөздің сенімділігіне көз жеткізуге шақырады. Өйткені аудитория назарын аударуға ұмтылу ақпараттың шынайылығы үшін заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.






