Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күні қарсаңында облыс әкімдігі, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, облыстық білім басқармасы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық патриоттық форум өтуде.
Форум колледж ауласында әскери-патриоттық митингтен және Мәншүк ескерткішіне тағзым етуден басталды.
Екі күндік іс-шара еліміздің 11 колледжінен 80-ге жуық, аймақ колледждерінен 100-ге тарта қатысушының басын қосты. Ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі Қ.Бөрібеков сөз алып, майдан даласында қан кешкен аға ұрпақ ерлігін жас буынға үлгі етудің, патриоттық тәрбие беруде тарихқа құрмет көрсетудің маңызын атап өтті.
Форум аясында «Мәншүк маршы» патриоттық шеруі ұйымдастырылды. Оған 500-ден астам студент қыз қатысты. Қазақтың батыр қызының ерлігін дәріптеу арқылы жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатындағы шаралар жыл сайын өтеді. Оның өзегінде жалынды жастарды жігерлі де қайсар, отансүйгіш етіп тәрбиелеу, азаматтық белсенділігін қалыптастыру, тарихты құрметтеуге үндеу мақсаты бар.
Форумның пленарлық мәжілісі «Достық үйінде» өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты. Ш.Байманов қатысушыларды құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж ұжымына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатын тапсырды. Одан әрі бабалар ерлігін дәріптеуге байланысты баяндамалар, зерттеу жұмыстары, жобалар таныстырылды. Колледждің көшбасшы студенттерінің шеруі өтіп, «Ғылыми жоба-2025» байқауының жеңімпазы Орынбасар Әбілқасым замандастары атынан үндеу оқыды.
Қатысушылар «Анаға тағзым» орталығына экскурсия жасап, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Т.Әліпқали, А.Мәметованың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр», А.Халимульдина, А.Халимульдиннің «Звездный час Маншук» кітаптарының желісі бойынша сахналанған «Батыр Мәншүк» көпформатты қойылымын тамашалады.
Форум жұмысы бүгін Қармақшыдағы Қорқыт ата кесенесінде жалғасады. Қонақтар музейді аралап, Қорқыт ата амфитеатрындағы арнайы қойылымды тамашалайды. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы мәдени орындарға экскурсия, колледж базасында «Мерген ару» сайысы, Жеңістің 80 жылдығына орай ашық тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Жастардың майдангер және тылда еңбек еткен ата-әжелері туралы бейнероликтер колледждің әлеуметтік парақшаларында жариялануда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<