Шиелідегі еңбек шырайы

430

0

Жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алып жүрген Шиелі ауданының диқандары биыл да көктемгі егіс қамына жұмыла кірісті. Осы жылы ауданда жалпы көлемі 27372 гектарға егіс егу межеленсе, бұл артығымен орындалды.
Тарқата баяндар болсақ, басты дақыл – күріш көлемі 11580 гектар. Күздік бидай – 1000, жаздық бидай – 472, мақсары – 1100 гектарға егілді. Одан бөлек 1100 гектар картоп, 1474 гектар алқапқа көкөніс, 2007 гектарға бақша өнімдері дәні себілді.
Жаңа кезең талаптарын орындауда да шиеліліктер белсенділік көрсетіп келеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзім­дері «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, аталған кесте қатаң жүзеге асырылу үстінде.
– Нәтижесінде күріш дақылын егу сәуір айының 20-нан басталып, мамыр айының 23-і күні толық аяқ­талды. Сондай-ақ, суға бастыру жұмыстары да атқарылып, науқан сәтті қорытындыланды. Демек, бұл дақылдарды орналастыру агротехникасының өз дәрежесінде сақталып, ертеңгі мол өнімге кепіл қаланды деген сөз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков өз сөзінде.
Жаңа технология бұл салаға да жетті. Аудандағы іргелі шаруа­шылықтың бірі, Дәулет Жұмбеков басқаратын «Ақмая» шаруа қожа­лығы ғылыми институттармен бір­лесе цифрлы технология арқылы жұ­мыс ұйымдастыруды бастады. Бұл бұрынғы көптеген кедергілерді жойып, агротехнологияны сақтаудың жаңа мүмкіншіліктеріне жол ашады. Мәселен, дақылды үстеп қорек­тендіру ауа райының тынық кез­дерінде ғана атқарылуы тиіс нәзік шаруа­ның бірі. Міне, осы қолайлы кезең көбінесе түнгі уақыттарға сәйкес келеді. Ал дәрі себетін ұшақ түнгі уақытта әуеге көтеріле алмайды, таңғы шектеулі уақытта ғана қар­баласып қалады. Жаңа технология бойынша алдын ала бағдарламасы бе­кітіліп қойылған дрон қажетті минералды тыңайтқышты қай кезең болса да нормаға сай сеуіп, оралып отырады. Осы кешенді жұмыстарды шаруашылық мамандары компьютер арқылы бақылып, есепке алады. Бұл міне, жаңа заман жетістігі.
Осы қатардан табылуға аудандағы ірі ауыл шаруашылық құрылымдары «Қаптағай-К», «Бидайкөл», «Байсын»  және басқалары ұмтылу үстінде.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<