Рухани үндестік үйлесімі

1994

0

Орыс халқының ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің есімі сонау бала күнімізден жадымызда жатталып қалған. Әдеби көркем туындылары арқылы әлемге танылған орыс халқының ұлы ақыны 1799 жылдың 6 маусымында Мәскеу қаласында, дворян отбасында дүниеге келген.

Өз дәуірінің ағымына қарай терең танымы қалыптасқан, озық ойлы ерекше талант иесі Пушкин шығармаларында шынайы өмір келбеті суреттеліп, әділдік пен азаттықтың рухы биік тұрады. Кемеңгер ақын классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы көрнекті тұлға ретінде тарихта қалды. Расында, ақын шығармашылығы әлемге кеңінен танымал. Ақын шығармаларындағы орыс халқының қарапайым тұрмыс-тіршілігінен бастап, адам баласына тән қадір-қасиет жайлы, сондай-ақ, ақынның өзі өмір сүрген дәуірдегі қоғамдық қайшылықтар тұрғысынан қозғаған терең ой-толғаныстары жал­пы оқырманды бейжай қал­дырмайды.

Әділетсіздікті ащы сынға алып, шынайы өмірлік құндылықтарды шебер суреттеп, оқырманды еріксіз баурайды. Сондықтан ақынның көркем туындылары көптеген тілдерге аударылып, көкірегі ояу оқырманның көңіл төрінен орын алған. Шындығында, ақынның ой-сезімінің қалыптасуына  1812 жылғы Отан соғысы мен 1825 жылғы декабристердің патша өкіметіне қарсы көтерілісі сынды тарихи оқиғалар әсер еткен деседі. Осы тақырыпта ол «Чадаевқа» (1818), «Деревня» (1819), тағы басқа азаттықты аңсайтын өлеңдер жазғаны үшін бірнеше жылға жер аударылып, Мәскеуге 1826 жылы оралады.

Пушкин өз шығармаларында орыс шаруаларының тағдырын баян­дай­ды. Бұқара ха­лық пен түрлі топ­тарды, қалып­тасқан ор­таны,  адам­­дардың өмір сүру дағ­дысын, талабы мен талғамын көркем бейнелейді. Әлеуметтік, тарихи мәселелерді терең талдаған  қоғамдық-саяси көзқарасының өт­кірлігі, өзектілігі  қарапайым оқырманның жан дүниесіне қапысыз жол табады. Мәселен, ол «Капитан қызы» және «Пугачев тарихы» романын жазар алдында архив ақтарып, тарихи деректерді талмай зерттеген. Сондай-ақ, оқиға болған орындарды аралап, көтерілісті көзімен көрген адамдармен кездесіп, олардың естеліктерін жинақтаған деседі. Осылайша ол шаруалардың патшаға қарсы көтерілісінің басшысы Пугачевтің бойындағы батылдық пен қайырымдылық қасиеттерін, елді соңына ерте білген ақылдылығын айқын суреттей келіп, қоғамдық қайшылықтардың себеп-салдарын тарқата жеткізеді.

Қазақ халқының заңғар жазушысы М.Әуезов Пушкин шығармашылығына былайша баға берген екен:

«Александр Сергеевич Пушкин – әрқашан заманмен бірге, әлемнің мың сан халықтарымен күнбе-күн тілдесіп отырған, жүздесіп отыратын мәңгілік суреткер». Бұл – өте дәл берілген баға.

Біз мектеп қабырғасында жүргенде ақынның «Балықшы мен алтын балық» шығармасын оқып, адами ізгі қасиеттің бірі – қанағатшылдық пен сабырлылықтың өмірлік маңызы зор екенін ойымызға түйген едік. Есейе келе, жоғарыда айтып өткен «Капитан қызы», «Дубровский» сияқты шығармаларын оқып, сол кезең тұрғысындағы саяси-тарихи оқиғалармен таныс болдық. Оқиғаның басты кейіпкерлерінің күрескерлік болмысы қызықтыратын.

Пушкин шығармаларына алғаш­қылардың бірі болып қызығу­шылық танытып, қазақ тіліне ау­дар­ған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы болатын. Айталық, Абай Пушкинің «Евгений Онегин» романының үзінділерін қазақ тіліне аударды. Онда Абай «Онегиннің сипаты», «Ленскийдің сөзі», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты», «Татьянаның сөзі» деген бөлек-бөлек туындылары арқылы шығарма авторының ой-толғамын қазақ халқының жүрегіне жақын, таным-тәрбиесіне лайық өзіндік шеберлігімен ұштастыра жеткізген.

Әйгілі «Абай жолында» Абайдың былайша ой тұңғиығына батып отыратын сәті бар: «Басында ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп барып, ақырында сыншы – кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына қалған жан аға бар. Сол ағаның дертін көріп «тынғаннан не тауып ек?» деп ызасы мен қызуына бой ұрып, жұлысып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық ел, барлық заман, бар қауымдағы ойлыларға атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні…» Осы ойдың әсеріне беріле отырып, Абай өзі аудара бастаған Татьянаның хатын қолына алады. Терең сырға толы ғашықтық жырлары жүрек түкпіріне бойлай, тылсым бір үндестік тапқандай… Көз алдынан кешегі бозбала дәуреннің  ащы да тәтті естеліктері елес берді. Жүрегінде өшпестей орын алған кіршіксіз махаббаты – ару Тоғжанның аяулы бейнесі, одан бөлек, Салтанат бейнесі, ыстық сезім, ынтық көңіліне дауа таппай, «тағдырдың жазуына» амалсыз көндіккен талай ғашықтардың кешкен күйі Абайдың ойын алаңдата берді. Жалпы ұлты бөлек болса да, нәзік болмысты әйел затының кешкен тағдыры мен ұстанымында  әлдебір үндестік барын байқады. Осылайша ол Татьянаны өз ойынша сөйлетті.

Амал жоқ – қайттым білдірмей,

Япырым-ау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Талапсыз, бақсыз мен сорлы,

Еріксіз аттап ұяттан.

Қорлыққа көндім бұл құрлы,

Байқалар хәлім бұл хаттан.

Осы сәтте бұл шумақтар әуезді бір әнге айнала берді.  Осылайша Ақшоқы ауылында дүниеге келген жаңа ән Әйгерім, Ербол, Баймағанбет, Кәкітай, Мұхаметжан сияқты алғашқы тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленіп, көп ұзамай-ақ, ауыздан-ауызға көшіп, кең тарала берді. Әсіресе, бұл ән Әйгерімнің орындауында ерекше әсерлі естілетін.

Семей қаласына барған  бір сапарында Абайдың досы Михайлов бұл тамаша әнді Мағаштың (Мағауия) орындауында тыңдап, ерекше сүй­сінеді. Аударманың түпнұсқадан айыр­машылығын да аңғара білген ол, орыстың ұлы ақынын қалың қазаққа танытып, әдеби, рухани байланыс орнат­қан  Абайға ыстық ықыласпен ал­ғысқа толы сәлемін айтып жіберген еді…

Абай отыз-қырық жасында орыс әдебиетінің көрнекті ақын-жазу­шы­лары А.Пушкин, М.Лер­монтов, Л.Толстой, Н.Некрасов, И.Тур­генев, И.Крылов шығармаларын және көрнекті сыншы-ғалымдар В.Белин­ский, В.Добролюбов, Н.Чер­нышевский еңбектерін оқып, озық ой-пікірлерімен танысады. Лермонтов аудармалары арқылы қазақ халқын Гете, Гейне, Байрон, Шиллер сынды әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларымен қауыштырды. Осы еңбектері жайлы айтқан Абайдың: «Отыздың ішінен бастап Еуропа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта дүниенің асты-үстіне шығып үлгеріп, күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс болып кетті» деген сөзінен ақынның ішкі толқынысын танимыз, яғни, жан дүниесінде жаңаша ой-толғамдар түзіліп, нақты өмірлік көзқарасы қалыптасқанын байқаймыз.

Иә, Абайдың «Евгений Онегиннен» аудармалары, ондағы «Татьянаның хаты»  әні қазақ жұртына кең тарады. 1984 жылы бұл әнді музыка зерттеушісі Қ.Жүзбасов Мәкен Мұха­метжановадан таспаға жазып алып, нотаға түсірген.

Осынау өміршең туындылар әлемдік әдебиет тарихында қалған бағалы қазына деп білеміз.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<