Аралға хат

1362

0

Талғат Тілеулесов Арал ауданы Қаратерең ауылында 1970 жылы 23 наурыз күні дүниеге келген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Сағындым сені», «Жүрек сыры» атты жыр кітаптарының авторы. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұрады. С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының коворкинг орталығының жетекшісі.

Қоздырған жырыменен делебеңді,

Еске алсам көңіл толқыр көнелерді.

Нұртуған, Нұрмағанбет шайырларым,

Сөздері ұшан теңіз терең еді.

Үлгі алып кейінгі ұрпақ осылардан,

Ел ішін ән мен жырға бөлегенді.

Дәріқұл, Жаппарберді, Жаңаберген,

Өнердің туын тіккен ерен еді.

Ән – сазы бізге жетіп осылардың,

Бақ құстай сайрап еді төбедегі.

Әйгілі Әбілхандай дүр ағаны.

«Заманның әулиесі» деген еді.

Ізіне шәкірттері еріп жүріп,

Нұсқалы сөз асылын тере білді.

Дарыған жеті атадан жыраулығы,

Жақсанның алдын ешкім бөгемеді.

Халықтың қазыналы қарты атанып,

Артына сөз қалдырған өнегелі.

Шамыран, үмбетәлі, Қани,Қамза

Айтады ел: жыршылығы бөлек еді.

Әбдіжәміл Нұрпейістің замандасы

Кеулімқош сөзге жүйрік шешен еді.

Сөзіне құлақ салып ұйығандар,

Шайын да ұмытатын кеседегі.

Әптіқұл таңнан таңға айтушы еді,

Қарасай, Орақ – Мамай, Едігені.

Жиын мен тойларда жыр бастаса,

Шабысын үсі-үсіне еселеді.

Деуші еді өнер қонған Қотан ауыл,

Ән салып тұратындай көшелері.

Смағұл,Құлжан, Кенен, Келімберді

Өлеңмен өрге жүзген кемелері.

Солардың ізін жалғап жүрген аға,

Сәуелхан, Айдос жырын өре білді.

Зейнулла, Мешітбай мен Серік ақын

Артында өлмес мұра өлеңі еді.

Берекет жыршы менен Қаппар күйші

Домбыра тартуының шебері еді.

Сейтқали мен Темірхан ән салғанда,

Көтеріп көкке елі елеп еді.

Тарланы тамашаның Құдайберген,

Орыны өнердегі бөлек енді.

Тастыбай, Жаңаберген Бөгендегі

Өлеңнен несібесін жеген еді.

Інісі Байнияздың Сайлау күйші,

Қол үзіп бізде қалдық сенен енді.

Рысбек, Бекұзақ пен Сұрағанның,

Шалқыған шабытының кемелі еді.

Алтынгүл, Айнаш қыздар ән салғанда

Күн шуақ кеуіліңе себеледі.

Сол Айнаш арамыздан алыстады,

Көңіл де жоқтығына көнер енді.

Дархан мен Суханберлі Гүлнары жоқ,

Талабы таудай болған өрен еді.

Мен айтқан осылардың бәрі кеткен..

Әттең-ай, бізге әлі керек еді.

Сыдықтың ол Мұраты оқшау төбе,

Өнердің сан тарауын көре білді.

«Соңында осылардың Мен қалдым»,- деп

Өкініп қайғы құрты жеген еді.

Ол жаққа әзір аға асықпаңыз,

Жаны бір жандар едік кемедегі.

Базардай жеңгемізбен бірге отырып,

Сүюге жазсын Алла немерені.

Айжарық, Сайлаубай мен Толыбай ақын,

Айтатын әрбір сөзін шегеледі.

Омардың Бауыржаны ғалым адам,

Еліме аты мәшһүр көрегені.

Аулынан Қаратерең ұшып шығып,

Жауһарын сөздің асыл тере білді.

Ол жақта Шынтемір мен Дәріқұл бар,

Жастарға сөз маржанын бере білді.

Набаттың мектебінен нәр алғандар,

Ізіне шәкірт болып ере білді.

Төккенде домбырадан термелерін,

Бойыңа таусылмастай дем береді.

Төлебай, Қиян менен Лайықта,

Өнермен кеңге жайған керегені.

Алпысбай Қайырбаев әсем сазы,

Жүректі елжіретіп жібереді.

Берік пен Серікбай ғалымдардың

Көңілінде көнелердің толып жатыр,

Қазына жыр байлықтың көмбелері.

Қос бірдей Оңталаптың ойлы өлеңі,

Санаға сәуле жырын себе білді.

Аралды тамашамен таң қалдырған,

Сықақшы Ерғали мен,Бағдат, Мирон

Ойнауы сахнада ерек енді.

Демеу мен Мубиндей жүйріктердің,

Жырына ел сүйсініп кенеледі.

Елмұра жыршы қызың жыр төккенде,

Жаныңды тебірентер термелері.

Жақсан жырау Айбегі домбыра алса,

Құлпыртып мақамдармен түрге енеді.

Айтыскер Абай ақын несібесін,

Қырандай қиядан кеп ілген еді.

Шынберген, Қайратпенен, Ержеңіс

Айтыста кеңге құлаш сермегенді.

Тұрғанбек,Ғанибек, Шолпан, Айна

Теңіздің толқынынтай тербеледі.

Ғанипа,Жаңылсын мен Зәуре қыздар

Қандырар жырыменен шөлдегенді.

Алмасбек, Әлібек пен Серікқали

Сүйреген алға қара жыр кемені.

Ерсейіт,Еркебұлан, Амандығым,

Жастар ғой көш бастайтын елдегі енді.

Назгүл мен Айнагүл ақындардың

Жырымен көңіліміз гүлденеді.

Баласы Бекұзақтың Ұлықбегім,

Құлашын жайып келед кеңге енді.

Көбіне көзі жоқта өкінеміз,

Көп ед деп бергенінен бермегені.

Талапты жас таланттар толып жатыр,

Тебінген тұлпар аттай кермедегі.

Елімді ұлықтайтын ұл-қыз барда,

Аралдың асыл жыры өлмегені.

Отырып ой толғаған Талғат едім,

Сағыныш жетеледі елге мені.

Аралдың туып өскен перзентімін

Ұмытпа туған елім, сен де мені.

Жолдадым сәлемімді Ақтөбеден

Көп болды мен сіздерді көрмегелі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<